Шымкенттің ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар қолданылуда
Шымкенттің агроөнеркәсіп кешендерінің экспорт көлемі 112,2 млн АҚШ долларға жетті. Оның 71,4 млн доллары қайта өңдеуге тиесілі.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков айтты. Яғни, мегаполисте ауыл шаурашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басымдық берілуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Шымкентте егін жинау науқанының қорытындылары және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізген спикердің сөзіне сүйенсек, мегаполис аумағындағы 21 мыңнан астам гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жыл сайын 80 мың тоннадан астам өнім жиналады.
– Қала аумағындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне бір литрінің бағасы 350 теңгеге жуықтайтын жанар-жағармай 281 теңгеден босатылуда. 2026 жылға жалпы 491 тонна жанар-жағармай арзандатылған бағамен бөлінген. Оның 312 тоннасы көктемгі дала жұмыстарына, 179 тоннасы күзгі дала жұмыстарына арналған. Өз кезегінде тұрғындардың тұтыну қажеттілігін, импортқа деген тәуекелділікті төмендетіп, өнімділікті арттыру мақсатында 2026 жылға егін шаруашылығы саласын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 863,3 млн теңге қаралған. Оның 75 млн теңгесі минералды тыңайтқыш құнын субсидиялауға бөлініп, бүгінге дейін 44 млн теңгесі игерілді. 767,8 млн теңге жылыжайлардың коммуналдық шығындарын арзандатуға арналса, оның 366 млн теңге сол мақсатқа жұмсалды. Ал, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға бағытталған 20,5 млн теңгенің әзірге 3 млн теңгесі жаратылды, – дейді Қайрат Мейірханұлы.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, 21 мыңнан астам гектар алқаптың 6,4 мыңына себілген арпа-бидайдың орташа түсімі гектарына 15-20 центнерден болса, 3 мыңға егілген майлы дақылдардың орташа түсімі 10,8 центнерді құрайды. Сонымен қатар, мал азықтық дақылдар 9,8 мың гектарды, көкөніс пен бақша дақылдары 1,8 мың гектарды алып жатыр.
Қазіргі таңда өнімділікті арттыру мақсатында Шымкентте де ауыл шаруашылығы саласында озық технологияларды қолдану қолға алынған. Бүгінде еліміздің үшінші үлкен қаласының аумағындағы жалпы заманауи жылыжайлар кешендерінің көлемі 140 гектарға жетеді. Оның 93 гектары – өнеркәсіптік, 47 гектары фермерлік саналады. Бұдан бөлек, 53 шаруашылық тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін қолданып, 340 гектарға жуық жерде ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруда.
Шымкенттің мал шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Мысалы, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда сүт өндіру 45,8 мың тонна көбейіп 5,2 пайызға, тауық жұмыртқасы 1,5 пайызға артқан. Бүгінде қала аумағында биылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша 20,8 мың бас жылқы, 95,3 мың бас іріқара, 116 мың бас ұсақ мал және 1,1 млн құс тіркелген. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы жалпы өнімдерінің көлемі 7 айда 34,3 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 104 пайыздан асыпты. Оның 27,7 млрд теңгесі мал шаруашылығы, 6,2 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығына тиесілі.
Қазіргі таңда қалада индустриалдық аймақтар мен қайта өңдеу кәсіпорындарын салу және кеңейту бағытына басымдылық беріліп, осы бағытта бір қатар жобалар іске асырылуда. Биыл қуаттылығы 4,3 мың тонналық 1 тауарлы сүт фермасы мен 2 жұмыртқа бағытындағы құс фермасы өздері өндірістерін кеңейту жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын жалпы көлемі 72,2 мың шаршы метрді құратйын, сиымдылығы 125,5 мың тонналық 8 климаттық заманауи көкөніс сақтау қоймасы жұмыс жасайды. Оның ішінде ең ауқымдысы – 90 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы «СҚО тәжірибесі» шеңберінде республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Сонымен қатар, «СҚО тәжірибесі» шеңберінде қуаттылығы 2,5 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы, 4,3 мың тонналық тауарлы сүт фермасы, 100 млн дана жұмыртқа өндіретін кәсіпорын республикалық бюджеттен қаржыландырылып, бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
Нәтижесінде ауыл шаруашылығына 14,1 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. Оның 8,7 млрд теңгесі – негізгі капитал, 2,2 млрд теңге тамақ өнімдеріне, 3,2 млрд теңге сусындар өндіруге салынған.
Шымкенттің агроөнеркәсіп кешендерінің экспорт көлемі 112,2 млн АҚШ долларына жетті. Оның 71,4 млн доллары қайта өңдеуге тиесілі. Егін шаруашылығы 40 млн АҚШ долларын, мал шаруашылығы 0,8 млн АҚШ долларын құрайды.
Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға 10,6 млрд теңге бөлінген. Осы қаражат есебінен ірі сауда желілері мен жергілікті өндірушілермен келісім-шарттар жасалып, 100-ге жуық әлеуметтік сауда орнында өнімдер бекітілген шекті бағамен сатылуда. Сондай-ақ, 18 «Бақша» әлеуметтік павильоны жұмыс істейді. 2026 жылдың басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 101,5 пайыз болып, республикалық көрсеткіштен асқан жоқ.
Делдалдықты шектеу, бағаны бақылау мақсатында арнайы комиссия тұрақты жұмыс жүргізеді. Жыл басынан бері 33 отырыс өткізген комиссиямен 917 кәсіпкердің электрондық шот-фактурасына талдау жасалған. Нәтижесінде, 137 кәсіпкерге әкімшілік шара қолданылып, 55 өнімсіз делдал анықталды. Қалада апта сайын 5 жерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп, азық-түлік өнімдері нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен сатылуда. Биыл бүгінге дейін 232 жәрмеңке ұйымдастырылып, оған 200-ден астам кәсіпкер қатысты.
Түркістан облысының ауыл шаруашылығына қауіп төндіретін шегіртке мәселесі Шымкентте де бар екен. Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 5,02 млн-нан астам теңге бөлініп, шырайлы шаһардың аумағындағы (Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандары) 1382 гектар жерде химиялық өңдеу жұмыстары толық жүргізіліпті. Ал, ветеринария бойынша кенеге қарсы жұмыстар жылына 2 рет – көктем мен күзде жүргізіледі. Көктемгі кезеңде 152 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары өңделіп, 4,6 млн шаршы метр аумаққа залалсыздандырылған. Оған жұмылдырылған 18 маманнан тұратын 6 бригада жұмыстарды толық аяқтаған. Қазіргі таңда, күзгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ масаларға қарсы дезинсекцияға 30 маман мен 20 арнайы техника тартылған. Жұмыстар 14 саябақта, 38 өзен-каналда және 49 гүлзар мен аллеяда кезең-кезеңімен жалғасуда. Бүгінге саябақтарда – 8 рет, өзен-каналдар мен гүлзарларда 4 рет өңдеу жұмыстары орындалған. Аталған залалсыздандыру жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін жүргізіледі. Сол сияқты кеміргіштерге қарсы дератизация да жылына 2 рет жүргізіледі. Оның да көктемгі кезеңі толық аяқталған. Жұмыстар 38 өзен-канал жағалауы мен 2376 қоқыс контейнері аумағын қамтиды. Аталған залалсыздандыру жұмыстарының 31 тамызда басталған күзгі кезең 25 қыркүйекке дейін жалғасады.
Жеті қазынаның бірі болса да адамдарға қауіп төндіретін жануарлардың бірі – қаңғыбас иттер. Биыл 35 мыңға жуық қаңғыбас ит ауланған. Бірақ. Олардың да жауапкершіліктері бар. Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, биыл жануарларға жауапкершілікпен қарау талаптарын бұзғаны 134 тұлғаға 2 млн. 227 мың теңге айыппұл салынған. Дегенмен, бұл бойынша былтыр 165 адам 4 млн-нан астам айыппұл арқалаған.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бойынша ақпараттық жүйеде қала аумағында 20737 жылқы, 92959 іріқара, 119265 ұсақ мал, 1270 шошқа тіркелген. 2026 жылға жоспарланған 40500 төлдің 36798-і бірдейлендіріген. Ал, 24285 бас түрлі себептермен есептен шығарылған. «Tort Tulik Mobile» мобильді қосымшасына қазіргі таңда 4697 мал иесі тіркелген. Қосымшаны пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Android және iOS платформаларында орын алған техникалық ақауларды жою мәселесі бойынша уәкілетті органдарға бірнеше рет ресми хаттар жолданыпты.
Ауыл шаруашылығы аграрлық облыста ғана емес, Шымкентте де ел экономикасының маңыз¬ды салаларының бірі. Ол халықты азық-түлік¬пен қамтамасыз етуден бөлек, жұмыс орындарын ашып, елдегі өндіріс көлемін арттырады. Ауыл шаруа¬шылығының дамуы экспорт көлемін ұлғайтып, ұлттық табысты арттыруға да ықпал етеді. Соңғы жылдары салада агротехнологияның қолданылуы өнімділікті жоғарылатып, шығындарды азайтуға көмектесуде. Мысалы, заманауи суару жүйелері, тыңайтқыштарды тиімді қолдану және автоматтандырылған жабдықтарды пайдалану өнімділікті арттырып қана қоймай, еңбек шығындарын да азайтады.
Мұрат БЕКМЫРЗА
