Жаңа медициналық нысандар салынуда
Шымкентте медициналық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Қалада жаңа медициналық нысандар салынып, қолданыстағы денсаулық сақтау ұйымдары заманауи талаптарға сай жаңартылуда.
Сондай ірі жобалардың бірі – 200 орынға арналған жаңа перинаталдық орталық. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың іргетасы қалануда. Жаңа орталық іске қосылғаннан кейін ана мен балаға жоғары білікті акушерлік және неонаталдық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік артады. Үш қабатты ғимаратта лаборатория, тамақтану блогы, бақылау-өткізу пункті, қазандық, медициналық газ станциясы және шаруашылық аймағы қарастырылған. Нысан аумағында 123 жеңіл автокөлікке, 16 әкімшілік көлікке және 8 жедел жәрдем көлігіне арналған автотұрақтар болады. Сонымен қатар, жобада көлемі 120 текше метр су резервуары, автокөліктерді дезинфекциялау алаңы және абаттандырылған саябақ қарастырылған. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып, ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін одан әрі нығайтуға бағытталған.
Ал, Бозарық шағынауданында 150 төсек орынды оңалту орталығы салынып жатыр. Бүгінде құрылыстың 70 пайызы аяқталған. Кешенде спорттық зал, емдік-сауықтыру бассейні, оңалту корпусы және стационар қарастырылған. Мұнда ерекше күтімді қажетететін азаматтарға медициналық және әлеуметтік оңалту қызметтері көрсетіледі.
Сонымен қатар, қалалық диагностикалық орталық қайта құрылымдау құрылыстарынан өтіп жатыр. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң орталық бір ауысымда 950 адамды қабылдай алатын болады. Заманауи диагностикалық кабинеттер мен медициналық жабдықтар тұрғындарға қажетті тексерулерден өтуге және бейінді мамандардың кеңесін алуға мүмкіндік береді.
Шымкентте тек жаңа нысандар салынып қоймай, қолданыстағы медициналық инфрақұрылым да жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл жұмыстар медициналық көмек түрлерінің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, тұрғындарға жайлы әрі заманауи жаңдай қалыптастыруға көмектеседі.
