Мемлекеттік мекемелер жұмысы төрт бағыт бойынша бағаланады
Шымкентте мемлекеттік органдардың жұмысы әлеуметтік маңызы бар білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларындағы негізгі төрт бағыт бойынша бағаланады.

Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылды. Кеңесте мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының сақталуы, мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылы және 2026 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша «Ашықтық индексінің» нәтижелері қаралды.
Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Нұржан Сүлейменовтің айтуынша, Шымкентте превентивті бақылауды және ықтимал тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеуге мүмкіндік беретін цифрлық құралдарды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларын қамтитын пилоттық жоба «Онлайн-бюджеттік мониторинг» жүйесін енгізу жұмысы жалғасын табуда.
Сондай-ақ, департамент тарапынан мемлекеттік сатып алудың сапасын арттыру және типтік заң бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Негізгі назар заңнама талаптарының сақталуына, сатып алу шарттарының негізділігіне, рәсімдердің ашықтығына және шығыстарды тиімді жоспарлауға аударылуда.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Азамат Парманов ақпараттық кеңістікте тұрақты мониторинг жүргізіп, тұрғындармен кері байланысты қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Аудан әкімдіктері мен қалалық басқармалардың ресми парақшаларында іске асырылып жатқан жобалар, қабылданып жатқан шаралар және ағымдағы жұмыстар туралы материалдар тұрақты жарияланып тұрады.
Шымкентте цифрлық коммуникацияларды дамытуға және контент сапасын арттыруға ерекше мән берілуде. Ақпарат мәтіндік материалдармен қатар фото және бейнематериалдар да ұсынылады. Сегіз ай ішінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаланың дамуының өзекті бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан жобаларға арналған 85 брифинг өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарымен жүйелі жұмыстар жүргізілген.
Шымкент қаласы әкімінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы Гүлбахыт Жұматаева «Ашықтық индексі» мемлекеттік органдардың жұмысын төрт негізгі бағыт бойынша бағалайтынын хабарлады. Қазіргі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша қаланың көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған кешенді жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, «e-Otinish» жүйесіндегі деректердің дұрыстығын бақылау, өтініштерді уақтылы қарау және азаматтармен кері байланысты қамтамасыз ету жұмысы күшейтілуде.
Сонымен бірге мемлекеттік органдар басшыларының азаматтарды жеке қабылдау тәжірибесі жетілдіріліп, цифрлық коммуникация арналары кеңейтілуде. Тұрғындардың өзекті мәселелері бойынша жүйелі себептерді анықтап, нақты шешімдер қабылдау мақсатында қайталама өтініштерді талдауға ерекше мән берілуде.
Аппараттық жиын қорытындысында қала басшысы жауапты тұлғаларға мемлекеттік сатып алудың тиімділігін, ақпараттық ашықтықты және тұрғындармен өзара іс-қимыл сапасын арттыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, «Ашықтық индексі» көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған жеке іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оның нәтижелеріне тұрақты мониторинг жүргізуді жүктеді.
