Шымкент IT саласында көш бастап тұр

Шымкент өңірлердегі IT жобаларды қолдауға бағытталған Startup Orda жобасында топ бастап тұр. Бұл туралы үшінші мегаполистің «Этноауыл» мәдени-тарихи орталығында өткен Startup Orda-2026 инкубациялық бағдарламасының алғашқы ресми ашылуында айтылды.

Screenshot_10.png

IT саласында өз жобасын дамытқысы келетін жастар мен стартап командаларына арналған бұл бағдарлама өңірдегі технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға, тың идеяларды нақты өнімге айналдыруға және жас стартаптардың нарыққа шығуына мүмкіндік береді.

Бағдарламаның ресми ашылуы – Opening Day барысында стартап иелеріне сәттілік тілеген Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов «Қала саясатына сәйкес келетін жобаларды алдымен Шымкентте пилоттық режимде сынап көруге, кейін оларды нарыққа шығаруға мүмкіндік береміз» дейді. Оның айтуынша, өткен жылғы жобалардың түлектерінің бірқатары бүгінде алғашқы сатылымдарын жасап үлгерген. Кейбір жобалар технологиялық іс-шараларға қатысып, өнімдерін жетілдірумен бірге басқа да нарықтарға шығу мүмкіндіктерін қарастыруда. Олардың қатарында Odos AI, Pulse AI, valik.kz секілді жобалар бар. Солардың бірі жасанды интеллект технологиясын пайдаланып, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың қозғалыс белсенділігін қалпына келтіруге көмектесетін медициналық экзоскелет әзірлеген. Қазір команда технологияны медицина саласына енгізу бағытындағы жұмысын жалғастырып жатыр екен. Бұл ретте әкімдік пен орталық арасындағы байланыс стартаптар үшін маңызды мүмкіндік болып отыр. Себебі жас әзірлеушілер өз өнімін тек теория жүзінде дамытып қоймай, оны нақты ортада сынақтан өткізе алады.

– Startup Orda өңірлердегі IT жобаларды қолдауға бағытталған, өңірлерге арналған жоба. Бұл бағдарламада Шымкент қаласы топ бастап тұр, мұнда қатысушылар өте көп. Біз оларды үнемі қолдап, онлайн нұсқамалар мен сабақтар өткізіп отырамыз, – дейді Astana Hub бас менеджері Нұргүл Жұмадиева.

Astana Hubпен бірлесіп ұйымдастырылған жобаның негізгі мақсаты – қатысушыларға инкубацияның құрылымы мен жұмыс тәртібін түсіндіріп қана қоймай, стартапты дамытудағы алғашқы қадамдарды нақты жоспарлау. Іс-шараға өтінім берген 150 стартапер бағдарлама командасымен, трекерлерімен және алдағы оқу кезеңдерімен танысты. Қатысушыларға стартап құрудың негізгі кезеңдері, бағдарлама ережелері, алдағы міндеттер мен мүмкіндіктер түсіндірілді. Сонымен қатар нөлден басталған жобалардың мысалдары көрсетіліп, әзірге нақты идеясы қалыптаспаған қатысушылардың да бағдарлама арқылы өз бағытын табуына мүмкіндік бар екені айтылды.

Startup Orda-2026 бағдарламасы 4 апталық буткемптен басталады. Осы кезеңде барлық командалар мастер-кластар мен воркшоптарға қатысып, өз идеяларын нақтылауға, гипотезаларын тексеруге және жобаның бизнес-моделін қалыптастыруға жұмыс істейді. Осылайша үш айлық бағдарлама идеядан бастап алғашқы жұмыс істейтін өнімге дейінгі процесті қамтиды.

Қатысушылар тек білім алып қана қоймай, стартапты дамытуға қажетті практикалық дағдыларды меңгереді. Бағдарлама аясында заманауи әзірлеу құралдары, соның ішінде Vibe Coding, жобаны талдау, гипотезаларды тексеру, өнімді жетілдіру және нарыққа шығару тәсілдері қарастырылады.

Жобаға стартап идеясы бар 16 жастан асқан кез келген азаматтың қатысуына болады. Ал алғашқы өнімін жасап қойған командалар оны одан әрі жетілдіріп, нарыққа шығаруға бағытталған қолдау ала алады. Startup Orda-ның негізгі құндылығы да осында – идеяны жай ғана таныстыру емес, оны тексеру, жетілдіру, алғашқы өнімге айналдыру және нарыққа бейімдеу.

Бағдарлама соңында қатысушылар Startup Orda сертификатына ие болады. Бағдарламаның соңғы кезеңі – Demo Day. Бұл күні командалар өз жобаларын сарапшыларға, қонақтар мен серіктестерге таныстырады. Үздік командалар Astana Hub Demo Day-де жобаларын таныстырып, жүлде қоры үшін бақ сынай алады. Жеңімпаздарға халықаралық бағдарламаларға қатысуға және Astana Hub-тың шетелдегі серіктес хабтарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік қарастырылған.

Startup Orda бағдарламасының бұған дейін Шымкентте ұйымдастырылған жобасына 50-ден астам қатысушыдан өтінім түсіп, олардың 20-сы соңына дейін жеткен. Қорытынды Demo Day барысында олардың барлығы өздерінің MVP жобаларын таныстырды.

Opening Day шарасында қатысушыларға алдағы воркшоптардың кестесі, алғашқы тапсырмалар мен ұйымдастырушылық талаптар түсіндірілді. Astana Hub жүйесінде жұмыс істеу, қажетті келісімдер мен NDA құжаттарына қол қою, іс-шараларға тіркелу, Google күнтізбесі мен Telegram-ботты байланыстыру тәртібі де көрсетілді. Кездесу сұрақ-жауап және нетворкинг алаңымен жалғасты.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Шымкент IT саласында көш бастап тұр