Инфрақұрылымды жаңарту үздіксіз жалғасуда
Шымкентте медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Солардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған құрылыс – 200 орынға арналған жаңа перинаталдық орталық Ақжайық шағынауданында салынып жатыр.

Оған бюджеттен 10 млрд теңге қарастырылған. Құрылысы биыл қаңтардың соңында басталған жаңа медициналық мекеме іске қосылғанда жылына шамамен 7 мың босанушыны қабылдай алатын болады.
Үш қабатты перинаталдық орталық ғимаратында ана мен нәрестеге медициналық көмектің толық циклі көрсетіледі. Акушерлік, гинекология және неонатологиямен қатар күрделі патологиясы бар сәбилерге неонаталдық операция жасау жоспарланған. Диагностикалық зертхана, генетикалық зерттеу базасы, кеңес беру және оңалту бөлімдері де ашылады. Сонымен қатар ас блогы, медициналық газ станциясы және басқа да қосалқы нысандар қарастырылған. Жобаның негізгі мақсаты – ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы медициналық көмектің мүмкіндігін кеңейту.
Шымкентте жыл сайын 30 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Қазір босандыру қызметін төрт медициналық ұйым атқарып отыр. Жаңа орталық олардың жүктемесін азайтып, күрделі жүктілік пен шұғыл жағдайдағы көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Медициналық нысан іске қосылғаннан кейін 800-1000 жұмыс орны құрылмақ. Шымкент заманауи перинаталдық орталық салынатын пилоттық қалалардың қатарына бұрыннан енгізілген. Жалпыұлттық бағдарлама аясында Қазақстанда осындай 12 нысан салу көзделген.
Үшінші мегаполистегі тағы бір әлеуметтік маңызы бар нысан – 150 орындық оңалту орталығы. Бозарық шағынауданында басталған құрылыс жұмыстарының бүгінде шамамен 70 пайызынан астамы аяқталған. Орталықта емдік-сауықтыру бассейні, жаттығу залы, оңалту ғимараты мен стационарлық бөлім болады. Мұнда ұзақ мерзімді медициналық және әлеуметтік оңалтуды қажет ететін азаматтарға көмек көрсету жоспарланып отыр.
Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибековтің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында денсаулық сақтау саласында бірқатар маңызды өзгеріс жүзеге асқан. Жыл басынан бері қаладағы жедел жәрдем қызметі жаңа көліктермен толықтырылып, күрделі операциялардың саны артқан. Медициналық қызметке цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект жүйелері де белсенді енгізіле бастаған.
– Алты айда 25 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Соның нәтижесінде жедел жәрдем автопаркінің жаңару деңгейі 54,2 пайызға жетті. Бұл әсіресе халық саны өсіп келе жатқан қалада шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды бағыттардың бірі. Медициналық ұйымдардың сапа стандарттарына сәйкестігі де назардан тыс қалған жоқ. Ұлттық аккредиттеуден өтуі тиіс 91 ұйымның 63-і қазіргі таңда аккредиттеуден өткен. Яғни медициналық ұйымдардың 67 пайызы тиісті бағалаудан өтіп, өз қызметінің сапасын растаған, – дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемі де айтарлықтай. Қалибекевтің мәлімдеуінше, алғашқы алты айда 273 күрделі операция жасалды. Мұндай медициналық көмектің дамуы қала тұрғындарына күрделі ем түрлерін өз қаласында алуға мүмкіндік беретін бағыттардың бірі.
Цифрландыру бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Жедел жәрдем қызметіне 240 смарт-бейнежетон берілді. Бұл қызмет барысын бақылауға және жұмыс процесінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Ал PACS жүйесі бүгінде 21 медициналық ұйымда қолданылады. Жүйе медициналық зерттеулерді цифрлық форматта сақтап, оларды дәрігерлердің қарауына жедел ұсынуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектіні медицинада пайдалану тәжірибесі де кеңейіп келеді. CEREBRA AI жүйесі арқылы 4 мыңнан астам медициналық зерттеу өңделген. Ал PULS AI жүйесін енгізу нәтижесінде мемлекеттік медициналық ұйымдарда анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтар саны 55 пайызға азайған.
Қалалық диагностикалық орталықтың ғимараты да жаңғыртылуда. Жөндеу аяқталғаннан кейін медициналық мекеме бір ауысымда 950 адамға дейін қабылдай алады. Заманауи диагностикалық кабинеттер мен жаңа жабдықтардың іске қосылуы тұрғындарға қажетті тексерулерден өтіп, бейінді мамандардың кеңесін бір жерде алуға мүмкіндік береді.
Осы жұмыстардың барлығы Шымкенттегі денсаулық сақтау жүйесін бірнеше бағытта қатар дамытуға бағытталғанын көрсетеді. Бір жағынан, медициналық ұйымдардың материалдық базасы жаңартылса, екінші жағынан, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект құралдары енгізілуде. Ал жаңа медициналық нысандардың құрылысы қала тұрғындарына көрсетілетін қызмет көлемін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік бермек.
