Мегаполис медицинасы тағы бір мекемемен толығады

Шымкент қаласында тағы бір денсаулық сақтау ұйымы ашылады. Мегаполис медицинасының қолжетімділігін арттырып, сапалы қызметті жақсартуға үлес қосатын емдеу мекемесінің ғимараты Shymkent City шағынауданында салынады. 

Screenshot_9.png

Аталған нысанның іргетасына капсула салу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Ауысымына 500 келушіге арналған жаңа емхана Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мегаполистің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында салынады. Құрылысы енді басталған емхана толық іске қосылғанда 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетіп, заманауи медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынуға мүмкіндік береді.

Қала басшысы жаңа медициналық нысан тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды бөлігі екенін жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша, Шымкент қаласында әлеуметтік нысандарды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Шаһарымыздың жаңа шағынаудандарында тұрғындар саны артып келе жатқандықтан, инженерлік инфрақұрылыммен қатар әлеуметтік нысандарды, соның ішінде медициналық мекемелерді салу да маңызды. Құрыслысы басталатын жаңа емхана азаматтарымызға медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерден алуға мүмкіндік береді, – деді Ғабит Сыздықбеков.

Жобада ересектер мен балалар бөлімшелері, әйелдер консультациясы, отбасылық денсаулық орталығы қарастырылған. Медициналық мекемеде 20 орындық күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия орталығы, оңалту бөлімі және фтизиатр кабинеті де болады. Сонымен қатар шұғыл қабылдау бөлімі, клиникалық-диагностикалық зертхана, рентген-диагностика, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, маммография және эндоскопия кабинеттері жұмыс істейді. Нысанның жобасында пациенттерге барынша қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген. Балалар бөлімшелері бір қабатқа орналастырылып, олар үшін жеке лифтілер мен күту аймақтары қарастырылған. Бес жасқа дейінгі балаларға патронаждық бақылау жүргізіліп, жүкті әйелдер мен босанғаннан кейінгі аналарға медициналық қызмет көрсету үшін арнайы жағдай жасалады.

Ал, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков жаңа емхананың медициналық қызмет көрсету сапасын арттырудағы маңызын  айтып берді.

– Іргетасына капсуласы салынған бұл нысан тұрғындар саны артып келе жатқан Shymkent City шағынауданының тұрғындары үшін аса қажетті медициналық мемемелердің бірі. Емхананың жобасында алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қатар диагностика, оңалту және амбулаториялық хирургия бағыттарын бір жерде ұйымдастыруға мүмкіндік беретін бөлімдер қарастырылған. Бұл тұрғындардың бірнеше медициналық мекемеге бармай-ақ, қажетті қызметтердің басым бөлігін бір нысаннан алуына жағдай жасайды, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Жаңа емхана аумағында кіреберіс жолдар, автотұрақ, жаяу жүргіншілер жолдары, көгалдандырылған және демалыс орындары қарастырылады. Аталған жобаның іске асырылуы Shymkent City шағынауданының ғана емес, оған іргелес аумақты мекендейтін тұрғындарға да алғашқы медициналық-санитариялық көмекті қолжетімді етіп, диагностика, емдеу, профилактика және оңалту қызметтерін дамытуға көмектеседі.