Шымкентте профилактикалық шаралар күшейтіледі

Күз басталғалы Шымкентте 6 мыңға жуық тұрғын жіті респираторлық вирустық инфекциясын жұқтырған. Оның жартысы – балалар.

Screenshot_8.png

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова мәлімдеді.

Қыркүйек айы жылы болғанымен таңғы-кешкі салқынның түсуі тұрғындар арасында тыныс жолдарының вирустық инфекцияларының таралу қаупі артады. Әсіресе, балалар арасында жіті респираторлық вирустық инфекциясы (ЖРВИ), тұмау сырқаттары, тіпті COVID-19 ауру да жиі кездеседі екен. Сондықтан аталған вирустық инфекциялардың алдын алу үшін санитариялық талаптарды сақтау маңызды. 

– Вирустық инфекциялар адам көп жиналатын жабық орындарда, қоғамдық көлікте және білім беру ұйымдарында тез таралады. Биыл жыл басынан бері 8 айда Шымкент қаласында ЖРВИ-дің 147 мың 952 жағдайы тіркелді. Оның 92 мың 661-і, яғни 60,2 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар, тұмаудың 2 жағдайы және COVID-19 инфекциясының 6 жағдайы анықталды. Ал, қыркүйек айы басталғалы бері 5967 ЖРВИ жағдайы тіркеліп отыр. Оның 2 мың 978-і балалар. Зертханалық тексерулер барысында тұмаудан бөлек басқа да вирустар анықталды, – дейді Айгүл Мелесқызы.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары ЖРВИ мен тұмау белгілері бір-біріне ұқсайтынын айтады. Көбіне мұрынның бітуінен, тамақтың ауыруынан, жөтелден, әлсіздік пен дене қызуының көтерілуінен басталады. Адамның дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп және бұл 3-5 күн бойы қайталанса, басы қатты ауырса немесе тыныс алу қиындаса, дәрігерге қаралу қажет екенін айтады. Сонымен қатар, аяқ-қолдың тартылуы, аяқта ерекше бөртпелердің пайда болуы сияқты белгілер байқалса, медициналық көмекке жүгінген дұрыс. Вирустық инфекциялар асқынған жағдайда пневмония, отит, гайморит, менингит және энцефалит сияқты ауруларға әкеліп соғуы мүмкін.

Тұмаудан қорғанудың, аурудың алдын алудың негізгі амалдарының бірі – екпе салдыру. Биыл бұл мақсатта Шымкент қаласына жергілікті бюджет есебінен 150 мың доза «Гриппол+» вакцинасы сатып алынған. Вакцина осал топтағы азаматтарға дені сау кезінде тегін салынады. Олардың қатарына созылмалы ауруы бар адамдар, мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, егде жастағы азаматтар, балалар, сондай-ақ, жабық мекемелерде және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарындағы адамдар жатады.

ЖРВИ мен тұмаудың таралуын болдырмау үшін білім беру ұйымдарында профилактикалық шаралар күшейтіледі. Мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарында оқушылар мен қызметкерлердің күнделікті келуіне мониторинг жүргізіледі. Балалардың денсаулығы таңертең тексеріліп, ЖРВИ, тұмау немесе COVID-19 ауруларының белгілері байқалған жағдайда олар ата-аналары келгенге дейін уақытша оқшауланады.

Мектептерде бөлмелерді тұрақты желдету, тазалық жұмыстарын жүргізу, қолды өңдеуге арналған антисептиктермен қамтамасыз ету, ауру белгілері бар балаларды уақытылы анықтау, жеке гигиена ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер сыныптағы оқушылардың 20 пайызы ЖРВИ-мен ауырса, инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін қосымша шектеу шаралары енгізіледі. Ал, сырқаттанғандар үлесі 30 пайыз немесе одан да көп болса, оқушыларды онлайн оқытуға ауыстыру қарастырылады.

Айгүл Тұрымбетова қала тұрғындарын ЖРВИ, тұмау және COVID-19 ауруларынан сақтану үшін қарапайым профилактикалық шараларды ұстануға шақырады. Адам көп жиналатын орындарға баруды мүмкіндігінше шектеу, жабық әрі адам көп жерлерде маска тағу, қолды сабынмен жиі жуу немесе антисептик пайдалану маңызды. Жөтелгенде, түшкіргенде ауыз бен мұрынды майлықпен немесе шынтақтың бүгісімен жабу керек. Ауру адаммен жақын қарым-қатынасты шектеген дұрыс.

Аталған аурулардың алғашқы белгілері байқалса, дәрігерге жүгіну қажет екенін есте сақтаңыз. Мұндай сақтық шаралары вирустың таралуын азайтады.