№2 көпбейінді ауруханаға қосымша корпус салынады
Шымкент қалалық №2 көпбейінді ауруханасы кеңейтіледі. Емдеу мекемесінің қосымша корпусы құрылысының іргетасына капсула салу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков медицина саласының ардагерлерімен бірге қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мегаполис медицинасын дамыту және тұрғындарға сапалы дәргерлік көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында салынатын жаңа корпус 80 төсек-орынға арналған. Жобаның іске асырылуы қала тұрғындарының саны мен медициналық қызметтерге деген қажеттіліктің артуына байланысты мамандандырылған және шұғыл медициналық көмектің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибековтың айтуынша, жаңа ғимаратта нейрохирургия және кардиореанимация бағыттарын дамыту, сондай-ақ инсульт, инфаркт және жіті коронарлық синдромға шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету сапасын арттыру көзделген. Мұнда заманауи қабылдау-диагностикалық орталық орналасады.
Жоба аясында пациенттер мен көлік қозғалысын ұйымдастырудың заманауи талаптары ескерілген. Жаңа корпус қолданыстағы аурухана және перзентхана ғимараттарымен жабық галерея арқылы жалғасады. Осылайша, үш ғимарат бірыңғай медициналық кластерге біріктіріледі.
