Шымкент өңірлік хабқа айналуда
Шымкентте әр пойыз өткен сайын 10-20 минутқа дейін аялдауға мәжбүр болатын көліктер енді кедергісіз тоқтамай қатынайды.

Шаһар инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі – Тіленшин көшесіндегі теміржол үстіне салынған жаңа аспа көпірдің пайдалануға берілуі мұндағы көлік кептелісін біржола шешті. Іске қосылған нысанның техникалық ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
– Қаланың аумағы кеңейіп, жаңа тұрғын алаптар бой көтерген сайын жол инфрақұрылымын дамытуға деген қажеттілік те арта түседі. Жыл сайын көлік қозғалысының қарқындылығы жоғарылап келе жатқан Шымкент үшін жол қатынасын жетілдіру – тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызды тетігі. Бұл ьағытта Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес қалада көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Ааудандар арасындағы көлік байланысын нығайтып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыратын жобаларға басымдық беріп келеміз. Міне, Тіленшин көшесіндегі өткелді техникалық тұрғыда іске қосып, автокөлік қозғалысын аштық. Нысан теміржол жолдарының үстінен өтіп, жақын маңдағы тұрғын алаптар үшін көлік қатынасын едәуір жеңілдетеді. Бұл аумақта пойыз қозғалысының қарқындылығы жоғары болғандықтан, жол өткелінің маңызы ерекше. Мұнда тәулігіне орта есеппен 50-ден астам пойыз өтеді. Бұған дейін теміржол өткелі пойыздардың өтуіне байланысты 10-20 минутқа жабылып, соның салдарынан көлік кептелісі қалыптасатын. Жаңа жол өткелі автокөлік пен теміржол қозғалысын бір-бірінен бөліп, көліктің үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Өткел құрылысының негізгі жұмыстары өткен жылы басталды. Көлік нысаны қаланың жол желісімен қосымша байланысты қамтамасыз етіп, тұрғындардың жүріп-тұру жағдайын жақсартады және жолға кететін уақытты қысқартады. Автокөлік өткеліне іргелес аумақта абаттандыру жұмыстары жалғасады. Нысанның жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де қолайлы болуы маңызды. Шымкенттің өсуі мен тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып, инфрақұрылымды одан әрі жүйелі түрде дамытуды жалғастырамыз, – деді қала басшысы тұрғындарды құттықтап.
Жаңа өткелдің іске қосылуы қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетуге, теміржол мен автомобиль жолдарының қиылысындағы қауіпсіздікті арттыруға және тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Нысан арқылы автокөліктердің қозғалысы басталып, жүргізушілер үшін жаңа бағыт қолжетімді болды.
Жобаның маңызы теміржол учаскесіндегі пойыз қозғалысының қарқындылығымен тікелей байланысты. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы таратқан мәліметке сүйенсе, осы аумақ арқылы тәулігіне орта есеппен 59 пойыз өтеді. Бұған дейін пойыздардың өтуіне байланысты теміржол өткелі белгілі бір уақыт аралығында жабылып, автокөліктердің жиналуына және көлік кептелісінің пайда болуына себеп болатын. Теміржол өткелінің жабылуы кей жағдайда 10-20 минутқа дейін созылған. Бұл жүргізушілердің жол жүру уақытын ұзартып қана қоймай, жақын маңдағы көшелердегі көлік ағынына да әсер ететін.
– Осы Тіленшин көшесіндегі жаңа өткелмен қаланың орталығынан Сайрам тұрғын алқабына қарай, яғни бұл жолмен Төлеби ауданына қарай шығып кете беруге болады. Бұл жолдың бойында туристік нысандар көп. Сондай-ақ, индустриалный аймақтарға да баруға болады. Бірінші кезекте қауіпсіздік жағдайы жасалады. Автомобильдердің де өтуіне ыңғайлы, – дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов.
Тұрғындардың айтуынша, жаңа өткел көлік қозғалысын тоқтатпай, қала тұрғындарының уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
– Бұрын пойыз өткен кезде сұмдық кептеліс болатын. Кезекке тұрған адамдардай көліктердің ұзын тізбегінің арасынан өту де қиын, қауіпті еді. Қазір үлкен жол ашылып, әсіресе оқушыларға, қалаға қатынайтын жұмысшыларға, жүргізушілерге де өте жақсы болды, – дейді қуанышын жасыра алмаған қала тұрғыны Ұлбосын Атабекова.
– Бұрын бұл жерден өту азап еді. Тығырық, шаң, жарық жоқ, тротуар жоқ. Қазір мүлдем басқаша. Балалар мен немерелерім мектепке қауіпсіз жүре алатын болды, – дейді он жылдан бері осы ауданда тұратын зейнеткер Күлзира Байғалиева қуанып.
– Осы аймақта кішігірім дүкенім бар. Жолдың жақсаруы тұтынушылар ағынын арттырады деп сенемін. Тіпті логистика тұрғысынан да тауар жеткізу оңайлайды, – дейді жас кәсіпкер Дәурен Қасымов.
Жаңа жол өткелінің іске қосылуы автомобиль және теміржол қозғалысын бір деңгейде қиылыстырмай, оларды бөлек ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр. Нәтижесінде автокөліктер пойыз қозғалысын күтпей, өткел арқылы үздіксіз жүріп өте алады. Бұл көлік ағынының тұрақтылығын сақтауға және жүргізушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Аталған жобаның маңызы тек жергілікті деңгеймен шектелмейді. Момынов көшесі қаланың оңтүстік-батыс аудандарын орталықпен жалғастыратын стратегиялық магистраль болып табылады. Осы бағыттағы жол жүктемесінің жеңілдеуі іргелес көшелердегі тығырықты да азайтатын болады. Сонымен қатар, аймақтың жалпы инвестициялық тартымдылығына оң ықпал ету мүмкіндігі жоғары: жақсы дамыған инфрақұрылым – бизнес үшін де, тұрғын үй саласы үшін де тартымды фактор. Қазақстандық қалалардың тәжірибесі бойынша, жол реконструкциясы аяқталған аудандарда жылжымайтын мүлік бағасы орта есеппен 10-15 пайызға өсетіні тіркелген.
Болашақ перспективаларға келсек, қала жоспарлаушылары Момынов көшесі бойына қоғамдық транспорт инфрақұрылымын да дамытуды ойластыруда. Жақын арада автобус аялдамаларын жаңарту, жолаушыларға арналған ыңғайлы павильондар орнату жоспарланып отыр. Ұзақ мерзімді перспективада бұл бағытта экологиялық көлік мәдениетін насихаттауға бағытталған бастама – велосипед жолын салу да қарастырылып жатыр. Қала әкімдігі де жаңа жолдың сапасын сақтау үшін тұрақты мониторинг жүйесін ендіреді деп мәлімдеді. Барлық осы шаралар Шымкентті заманауи, ыңғайлы және тұрақты дамитын мегаполиске айналдыру жолындағы жүйелі жұмыстың бөлігі екені айқын. Момынов көшесіндегі жаңа өткел – бұл тек бетон мен асфальт емес, тұрғындардың өмір сапасына салынған нақты инвестиция.
Мемлекет басшысының Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асқан Тіленшин көшесіндегі көпірмен қоса Момынов көшесінде де автокөлік өткелін салу жобасының құрылысы қолға алынған еді. Аталған нысан биыл жыл басында – қаңтар айында ашылған болатын. Момынов көшесіндегі төрт жолақты өткелдің құрылысы толық аяқталып, нысан ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл оқиға қала тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл аймақтың инфрақұрылымдық дамуы тұрғысынан да маңызды белес болып табылады. Өйткені Момынов көшесі – Шымкенттің жүк тасымалы мен жолаушы қозғалысы шоғырланған негізгі тамырларының бірі. Бұл бағытта бұрыннан бері тығырық мәселесі өткір тұрып келді: тар жол, ескірген асфальт, жеткіліксіз жарықтандыру және жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымның болмауы тұрғындар арасында ашу-наразылық тудыратын. Соңғы бірнеше жылда жол-көлік оқиғаларының саны бұл аймақта өсіп, азаматтардың арыз-шағымдары да жиіледі. Мұны ескерген қала әкімдігі жолды реконструкциялауды басым бағыт ретінде белгілеп, жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауды тапсырды.
Жоба бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен геодезиялық зерттеу жүргізіліп, жолдың техникалық жай-күйі бағаланды. Содан кейін ескі жол полотносы толығымен сөгіліп, негіз жаңартылды. Автомобиль жолына заманауи технологиямен жасалған асфальт-бетон жабындысы төселді. Бұл жабын ауыр жүк көліктерінің тұрақты қысымына да, қатаң қыс пен ыстық жаз жағдайларына да төзімді болып есептеледі. Жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар да жаңадан жайғастырылып, заманауи бордюрлермен шектелді. Бүкіл көше бойына қуатты жарықтандыру жүйесі орнатылды: LED технологиясына негізделген шамдар энергияны үнемдей отырып, жолды жарқын жарықтандырады.
– Бұл өткел – қала инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі. Біз тек жол салып жатқан жоқпыз, тұрғындарға қауіпсіздік пен ыңғайлылық сыйлап отырмыз. Момынов көшесіндегі жаңа өткел тәуліктік транзиттік ағынды айтарлықтай жеңілдетеді деп күтеміз, – дейді жобаның маңыздылығын түсіндірген қала әкімінің орынбасары Асқар Нұрланов.
– Шымкент халқының саны жыл сайын өсіп келеді, қала 1 миллионнан астам тұрғынды асырап отыр. Мұндай жағдайда жол желісін кеңейту – уақыт талабы. Соған сай төрт жолақты нысан – өте дұрыс шешім, – дейді көлік сарапшысы Ербол Сейітқали.
Аталған екі өткелдің де ортақ міндеті – қаланың әртүрлі аудандары арасындағы көлік байланысын жақсарту және теміржол желісімен қиылысатын учаскелердегі қозғалысты реттеу. Жобалардың іске асуы тұрғындардың күнделікті қатынауына әсер ететін инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған. Тіленшин көшесіндегі көпір – биыл пайдалануға берілген осындай жобалардың екіншісі. Аталған нысандардың негізгі мақсаты – автомобиль жолдары мен теміржол желілерінің қиылысындағы көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру.
Қаланың қарқынды дамуы көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеменің артуына алып келеді. Тұрғындар санының өсуі, жаңа тұрғын алаптарының қалыптасуы және көлік санының көбеюі жол желісін жаңарту мен өткізу қабілетін арттыруды талап етеді. Осыған байланысты жол өткелдері сияқты ірі инженерлік нысандардың құрылысы қаланың көлік жүйесін жетілдірудің маңызды бөлігі саналады.
Тіленшин көшесіндегі жаңа өткелдің ерекшелігі – теміржол қозғалысы жоғары учаскеде автомобильдердің кедергісіз өтуіне жағдай жасауы. Бұған дейін жүргізушілер пойыздың өтуін күтуге мәжбүр болса, енді жаңа өткел арқылы жол жүру бағытын жалғастыра алады. Бұл өз кезегінде маңайдағы көшелердегі көлік қозғалысының бірқалыпты болуына ықпал етуі мүмкін. Әсіресе таңертеңгі және кешкі уақытта көлік ағыны артатын кезеңдерде өткелдің өткізу мүмкіндігі маңызды.
Жаңа нысанның іске қосылуы жол қауіпсіздігі мәселесіне де қатысты. Автомобильдер мен пойыздардың қозғалысын бөлу теміржолмен қиылысатын учаскедегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Жүргізушілер үшін белгіленген бағыт бойынша қозғалу жағдайы қалыптасып, теміржол өткелінде көлік жиналуы азаяды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары Шымкенттің қазіргі даму қарқынына сәйкес жүргізілуі қажеттігін атап өтті. Бұл ретте жаңа жолдар мен өткелдерді салу кезінде қаланың әр ауданындағы тұрғындардың қажеттіліктерін ескеру маңызды.
Тіленшин көшесіндегі өткелдің ашылуымен құрылыс жұмыстары толық аяқталды деген сөз емес. Нысан маңындағы аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасын табады. Бұл аумақтағы жол жиегін ретке келтіру, айналасын көріктендіру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды қамтиды.
Автокөлік өткелінің іске қосылуы жақын маңдағы елді мекендер тұрғындары үшін де маңызды. Себебі теміржол желісімен қиылысатын учаскелерде көлік қозғалысының кідіруі күнделікті қатынасқа тікелей әсер етеді. Жаңа нысанның пайда болуы олардың қала ішіндегі қозғалысын жеңілдетуге бағытталған.
Жол инфрақұрылымын жаңарту Шымкенттің ұзақ мерзімді даму жоспарларындағы маңызды бағыттардың бірі санлады. Қала аумағының кеңеюі мен көлік қозғалысының өсуі жаңа жолдарды, көпірлерді және жол өткелдерін салу қажеттілігін арттырады.
Тіленшин көшесіндегі жаңа автокөлік өткелі осы міндеттерді шешуге бағытталған нақты жобалардың бірі. Оның негізгі нәтижесі – автомобиль қозғалысын теміржол пойыздарының жүруінен тәуелсіз ету және осы учаскедегі жол қатынасын тұрақтандыру.
Жаңа нысанның пайдалануға берілуі Шымкенттегі көлік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарының жалғасып жатқанын көрсетеді. Момынов көшесіндегі өткелден кейін Тіленшин көшесіндегі нысанның да іске қосылуы теміржол желілерімен қиылысатын учаскелердегі көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Тіленшин көшесіндегі жаңа жол өткелі қаланың көлік жүйесіндегі маңызды инфрақұрылымдық нысандардың біріне айналмақ. Оның іске қосылуы автомобиль қозғалысын үздіксіз ұйымдастыруға, теміржолдан өтудегі қауіпсіздікті арттыруға және тұрғындардың жол жүру уақытын қысқартуға бағытталған.
Алдағы кезеңде өткел маңындағы абаттандыру жұмыстарының жалғасуы нысанның айналасын толық ретке келтіруге мүмкіндік береді. Осылайша, жаңа жол өткелі тек көлік қозғалысын жеңілдететін инженерлік нысан ғана емес, қаланың көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі ретінде қызмет етеді.
Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы тағы бір елеулі жоба іске асырылуда. Статистикалық деректерге сүйенсек, Шымкент – Қазақстанның ең жылдам дамып жатқан қалаларының бірі. Соңғы он жылда халық саны 30 пайызға артып, автомобильдер паркі де дәл сондай қарқынмен өскен. Қала аумағындағы тіркелген автомобильдер саны қазіргі таңда 400 мыңнан асады. Оған жақын орналасқан аудандардан күнделікті келіп-кететін көліктерді, басқа облыстар мен көрші елдерге жол тартқан автомобильдерді қосыңыз. Бұл цифрлар жол инфрақұрылымына орасан зор жүктеме түсіріп отырғанын көрсетеді. Осы себепті қала әкімдігі 2024-2028 жылдарға арналған жол реконструкциясы бағдарламасын бекітіп, оның шеңберінде он бес негізгі көшені жаңарту жоспарлауда.
Шымкент қаласы оңтүстіктегі маңызды көлік тораптарының бірі ретінде көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп отыр. Қала арқылы өтетін транзиттік бағыттар, теміржол торабы, халықаралық автожолдар мен әуежай өңірдің логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында Шымкентте жүк айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3 пайызға, ал жолаушылар айналымы 21 пайызға өскен.
Қаладағы логистикалық мүмкіндікті арттыру бағытындағы негізгі жобалардың бірі – қолданыстағы сауда-логистикалық орталығын кеңейту. Үкімет мәліметінше, жоба Мемлекет басшысының Оңтүстік өңір үшін барлық тауарды қабылдап, жеткізуге қолайлы «Өңірлік хаб» құру тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Логистикалық инфрақұрылымды дамытуда автомобиль жолдарының сапасы да маңызды. 2026 жылы Шымкентке қатысты республикалық маңызы бар жолдарда бірқатар жөндеу жобасы іске асырылуда. Оның ішінде «Шымкент – Қызылорда» автожолының 103 шақырымын қамтитын орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сонымен бірге қозғалысты автоматты бақылау жүйелерін енгізу көзделген.
Қала ішіндегі жол инфрақұрылымын жаңарту да жалғасып жатыр. 2025 жылы Шымкентте 323 көшеде жалпы 201 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ 17,1 шақырым жол мен бір көпірге күрделі жөндеу жасалған. Қаланың жол желісіндегі интеллектуалды көлік жүйесі де кеңейтіліп, бағдаршамдардың бір бөлігі орталықтандырылған басқару жүйесіне қосылды.
Әуежай инфрақұрылымын жаңғырту да қаланың логистикалық әлеуетін күшейтетін бағыттардың бірі. Қазір жаңа ұшу-қону жолағын салу жұмыстары жүргізілуде. әуежайдағы екінші жолақтың ұзындығы 3 мың 900, ені 75 метр болады. Халықаралық талаптарға сай жабдықталатын жаңа нысан күрделі метеожағдайда да ұшақ қабылдап, жолаушы және жүк тасымалын арттыруға жол ашады.
– Жалпы бұл жобаның негізгі мақсаты халықаралық стандарттарға сай үшінші А категориялы ұшу-қону жолағын салу. Жаңа ұшу-қону жолағы болашақта кез келген әуе кемелерін қондыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз 2024 жылы жаңа терминалды іске қостық. Болашақта бұл елдің экономикасына оң үлесін беріп, елдің дамуына көп септігін тигізеді деген сенімдеміз, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев.
Бұған қоса, Шымкент халықаралық әуежайын мультимодальды хаб ретінде дамыту жоспарланған. Бұл салаға бизнес тарапынан да қызығушылық артып келеді. Мәселен, қыркүйек айында «Шин-Лайн» компаниялар тобы мен Оңтүстік Кореяның Lotte Global Logistics компаниясы көлік-логистика саласында бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келісімге келді. Жобаға шамамен 1 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Компания 2028-2031 жылдары Алматы, Астана, Шымкент және басқа өңірлерге шығуды көздеп отыр.
Аталған жобалар Шымкенттің көлік жүйесін тек қала ішіндегі қатынас тұрғысынан емес, өңірлік және халықаралық жүк тасымалы тұрғысынан дамытуға бағытталғанын көрсетеді. Логистикалық орталықтарды кеңейту, жолдарды жаңарту, әуежай инфрақұрылымын күшейту және цифрлық технологияларды енгізу қаланың транзиттік әлеуетін арттырудың негізгі тетіктеріне айналуда.
