Қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина


Қазіргі таңда әлем елдері үшін қызылша, қызамық және паротит инфекциялары қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл жұқпалы аурулар балалар арасында ғана емес, ересек адамдар арасында да жиі кездесіп, күрделі асқынуларға әкелуі мүмкін. Аталған індеттердің алдын алудың ең тиімді және ғылыми дәлелденген тәсілі – ККП (қызылша–қызамық–паротит) вакцинасы.

Қызылша – әлемдегі ең жұқпалы инфекциялардың бірі. Бір науқас адамның айналасында тұрған 15–18 адамға дейін ауру жұқтыруы мүмкін. Аурудың асқынуларының ішінде пневмония, энцефалит және есту қабілетінің төмендеуі жиі кездеседі. Қызамық – әсіресе жүкті әйелдер үшін өте қауіпті. Инфекция жүктіліктің алғашқы триместрінде түсік тастауға немесе нәрестеде туа біткен қызамық синдромын (жүрек ақаулары, есту кемістігі, көз бұзылыстары) тудыруы мүмкін.

Паротит – сілекей бездерінің қабынуымен басталғанымен, асқынған жағдайда орталық жүйке жүйесінің зақымдануына, панкреатитке, ер адамдарда бедеулікке дейін апаруы ықтимал. Құрамында үш инфекцияға қарсы әлсіретілген вирустар бар ККП вакцинасы баланың ағзасында ұзақ мерзімді, тұрақты иммунитет қалыптастырады. Ғылыми зерттеулер бұл екпенің қызылшаға — 98–99%, паротитке — 88–95%, қызамыққа — 95%-дан жоғары тиімді қорғаныс беретінін дәлелдеген. Сонымен қатар вакцина бір инъекция арқылы үш түрлі қауіпті аурудың алдын алып, медициналық жүктемені азайтады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес, ККП вакцинасы екі кезеңде жүргізіледі:      

•Бірінші доза — 12–15 айда

•Екінші доза — 6 жаста (ревакцинация)

Бұл схема иммунитеттің қалыптасуын толық қамтамасыз етеді және бала өсіп, мектеп жасына келген кезде қосымша қорғау береді.

ККП вакцинасы халықаралық стандарттарға сай өндіріліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған. Екпеден кейін ауыр жағымсыз әсерлер өте сирек кездеседі. Көбіне балаларда жеңіл қызару, дене қызуының аздап көтерілуі немесе инъекция салынған аймақта ауырсыну болуы мүмкін. Бұл – ағзаның иммундық жүйесі белсенді жұмыс істеп жатқанын білдіретін табиғи құбылыс. Қазіргі таңда қызылша ауруының әлемдік деңгейде қайта өршуі байқалып отыр. Мұндай жағдайда қоғамның вакцинация деңгейін жоғарылату – инфекцияның таралуын тоқтатудың негізгі құралы. Вакцинация тек жеке адамның денсаулығын емес, сонымен бірге инфекцияға қарсы қоғамның ұжымдық иммунитетін де күшейтеді.

ККП вакцинасы – баланың денсаулығын қорғаудың ең тиімді, қауіпсіз және ұзақ мерзімді әдісі. Қызылша, қызамық және паротит сияқты қауіпті аурулардың алдын алып, болашақ ұрпақтың дені сау болып өсуіне негіз қалайды.

Денсаулық – әр отбасының аманаты, ал вакцинация – сол аманатты сақтаудың ең сенімді жолы.

Д.Туребеков

Түлкібас аудандық СЭББ басшысының орынбасары