ЖРВИ – маусымдық аурудан сақтанайық!
Күз бен қыс айлары келгенде ауа райының құбылуы, суықтың түсуі адамның иммунитетін әлсіретіп, әртүрлі вирустық аурулардың таралуына жол ашады. Солардың ішіндегі ең көп тарағаны – Жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ).
ЖРВИ – тыныс алу жолдарын зақымдайтын вирустар тобы тудыратын жұқпалы ауру. Бұл ауру көбінесе ауа-тамшы жолымен, яғни жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде жұғады. Балалар мен қарт адамдар, сондай-ақ иммунитеті төмен жандар бұл ауруға жиі шалдығады.
ЖРВИ белгілері әдетте инфекция жұққаннан кейін 1–3 күнде байқалады:
• дене қызуының көтерілуі;
• мұрыннан су ағу, бітелу;
• жөтел, тамақ ауруы;
• әлсіздік, бас ауруы;
• тәбеттің төмендеуі.
Бұл белгілер тұмауға ұқсас болғанымен, ЖРВИ әдетте жеңіл өтеді. Дегенмен, дұрыс емделмесе асқынуларға әкелуі мүмкін.
ЖРВИ-дің асқынулары:
1. Отит (құлақ қабынуы) – көбіне балаларда кездеседі, есту қабілетіне әсер етуі мүмкін.
2. Синусит (мұрын қуысының қабынуы) – ұзақ бітелген мұрын мен бас ауыруының себебі болады.
3. Бронхит пен пневмония – тыныс алу қиындап, дене қызуы ұзақ уақыт түспейді.
4. Жүрек пен бүйрекке салмақ түсуі – вирустың ағзаға әсерінен кейде ішкі органдар да зақымдануы мүмкін.
ЖРВИ-ден қорғану үшін қарапайым ережелерді сақтау жеткілікті:
1. Қолды жиі жуу, антисептик қолдану;
2. Үй мен жұмыс орнын желдетіп, тазалық сақтау;
3. Суық тиюден сақтану, жылы киіну;
4. Витаминге бай тағамдарды көбірек тұтыну;
5. Ауру адамдармен жақын байланысқа түспеу.
Иммунитетті нығайту – басты қорғаныс. Күнделікті серуендеу, дұрыс тамақтану және жеткілікті ұйқы ағзаның төзімділігін арттырады.
ЖРВИ – елеусіз көрінгенімен, көп жағдайда адамдардың еңбек қабілетін төмендететін, әсіресе балалар мен егде жастағылар үшін қауіпті ауру. Сондықтан әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, алдын алу шараларын ұстануы қажет.
Ә.Төребек
Қаратау ауданының СЭББ жетекші маманы
