Адам папиллома вирусынан қорғану жолдары
Адам папиллома вирусы — адамның ауыз қуысы мен жыныс мүшелерінің тері жабындары мен шырышты қабықтарын зақымдайтын туыстас вирустардың 200-ден астам түрі. Көп жағдайда бұл инфекция 2-3 жылдан кейін өздігінен кетеді және көбінесе ешқандай симптомсыз адамға байқалмай өтеді. Кейбір жағдайларда, онкогендік АПВ түрлері денеде қалып қойса, бұл әртүрлі ағзаның қатерлі ісігіне әкеледі. Ең алдымен, жатыр мойны обырына әкеледі. 100% жағдайда жатыр мойны обырының туындауына онкогендік АПВ түрлері себеп болады (6, 18, 31, 33, 45, 52 және 58 түрлері).
АПВ жатыр мойны обырын ғана тудырмайды.
Онкогендік АПВ түрлері себеп болатын аурулардың арасында ерлер мен әйелдердің жыныс мүшелерінің, тік ішектің, бастың және мойынның обыры да кездеседі. Негізгі қауіп — АПВ-мен байланысты онкологиялық аурулардың көбіне кеш диагноз қойылатындығы, мысалы, ауыз-жұтқыншақ обырының шамамен 70%-на диагноз кеш қойылады.
Аурудың алдын алу шаралары:
- күмәнді адамдармен жыныстық қатынасқа түспеу;
- иммунитетке мән беру, жыныстық ағзаларды таза ұстау, жарақат алмауға, қабынуға жол бермеу. Адамның иммунитеті жоғары болса, вирусты әлсіретіп басып жоюы мүмкін. Ал егер иммунитеті күрт төмендесе, онда вирустың әсері жоғарылап, асқынуларға алып келуі ықтимал;
- әйел адамдарға уақтылы, жылына екі рет дәрігерге көрініп, тиісті зертханалық зертпеге анализ тапсырып отырғандары дұрыс;
- ең бастысы, АПВ-ны алдын алудың негізгі жолы – вирусқа қарсы екпе алу.
Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау 11 жастағы қыздарға жасалады. Себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша АПВ вакцинасын ерте жаста, яғни 9-14 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасында қолдану барынша тиімді.
Вакцина білім беру ұйымдарындағы егу кабинеттері арқылы тегін жүргізіледі. Вакцинациялауға ата-анасынан немесе қамқоршыларының ақпараттандырылған келісімдерімен жүргізіледі. Сонымен қатар вакцинациялауға денсаулығында ақауы жоқ, сау балаларға дәрігердің тексерулерінен кейін, қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда жүргізіледі. АПВ вакцинасы иммунитеті төмендеп, әлсіреген адамдар үшін де қауіпсіз. Вакцинация Гардасил вакцинасымен жүргізіледі, алты ай интервалымен екі рет егіледі.
Тағы бір қуантатын жайт, Қазақстан Республикасы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қырқүйектегі №11 қаулысында ата-аналардың (заңды өкілдерінің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін 12 жастан бастап, 13 жас 11 ай 29 күнді қоса алғанға дейінгі жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы толықтыра вакцинациялау жүргізілетінін хабардар етеміз.
Жасөспірім қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинациялау туралы шешім қабылдата отырып, сіз оларды болашақта онкологиядан қорғайсыз.
А.Әбдімүтәліп
Қаратау ауданының СЭББ бас маманы
