Тау туризмінің тартымды мекені

Қасқасу ауылы – Төлеби ауданының туристік әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Көркем табиғаты мен таза ауасы бұл өңірді тынығушылар үшін тартымды мекенге айналдырып келеді. Соның нәтижесінде ауылдық округте заманауи демалыс орындарының саны жыл сайын артып, туризм инфрақұрылымы қарқынды дамуда.
Солардың бірі – Қасқасу ауылдық округінде орналасқан «Top Resort» демалыс кешені. Жалпы құны 187 миллион теңгені құрайтын жоба 2022 жылдың мамыр айында пайдалануға берілген. Бүгінде кешен тәулігіне 50 қонақты қабылдауға қауқарлы.
Шатқалдың көркем етегінде орналасқан демалыс орнында келушілердің жайлы тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Коттедждер заманауи талаптарға сай жабдықталған. Кешен аумағында жазғы тапшандар, банкет залы, ашық аспан астындағы жазғы терраса және өзен жағасына салынған сақ үлгісіндегі монша жұмыс істейді. Жылдың төрт мезгілінде де қонақ қабылдайтын демалыс орны табиғат аясында тынығып, таза ауамен тыныстауды қалайтындар үшін қолайлы мекен саналады.
Теңіз деңгейінен 1750 метр биіктікте орналасқан бұл туристік нысан Орта Азиядағы ең биік демалыс орындарының бірі ретінде ерекшеленеді. Әсем табиғат, саф ауа және сапалы қызмет үйлесім тапқан кешен бүгінде Төлеби ауданының туристік әлеуетін арттырып отырған маңызды нысандардың қатарында.
