Тау төсіндегі тылсым табиғат

image.png

Елімізде табиғатының әсемдігімен саяхатшыларды баурайтын көрікті мекендер аз емес. Солардың бірі – Төлеби ауданындағы Қасқасу шатқалы. Тұмса табиғаты, саф ауасы, асқар таулары мен мөлдір бұлақтары үйлесім тапқан бұл өлке табиғат аясында тынығуды қалайтындар үшін ерекше орын саналады.

Қасқасуға келген жанды тау баурайынан сыңғырлай аққан бұлақтар, жемісін көтере алмай иілген алма бақтары, жайқалған алуан түрлі гүлдер мен көз сүріндірер көркем көріністер бірден баурап алады. Сондықтан да бұл өңір бүгінде Түркістан облысындағы ең танымал туристік бағыттардың біріне айналып отыр.

Теңіз деңгейінен 1900 метр биіктікте орналасқан Қасқасу шатқалы табиғи әлеуетімен ерекшеленеді. Мамандардың айтуынша, оның туристік мүмкіндігі өте жоғары және ірі тау-шаңғы демалыс аймақтарын дамытуға қолайлы.

Қасқасудың тағы бір ерекшелігі – алмасы. Бұл өңірде алманың 20-дан астам түрі өсіріледі. Дәмінің тәттілігімен, нәрлілігімен және көктемге дейін бұзылмай сақталатын қасиетімен ерекшеленетін Қасқасу алмасы бүкіл өңірге кеңінен танылған.

Өлкенің жануарлар дүниесі де аса бай. Мұнда сүтқоректілердің 59 түрі, құстардың 300-ге жуық түрі мекендейді. Қасқыр, аю, жабайы шошқа, тау ешкісі секілді жануарлармен қатар, адамдардан бойын аулақ ұстайтын сирек кездесетін қар барысын да ұшыратуға болады.

Қасқасу шатқалы – халықаралық Қызыл кітапқа енген Мензбир суырының табиғи мекендерінің бірі. Кезінде Батыс Тянь-Шаньның кең аумағын жайлаған бұл жануардың саны уақыт өте күрт азайған. Сондықтан бүгінде оны қорғау мен табиғи ортасын сақтау ерекше маңызға ие.

Өсімдіктер әлемі де алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Шатқалда 1500-ден астам өсімдік түрі өседі. Солардың ішінде Түркістан аршасының орны ерекше. Бұл ағаш тау экожүйесінің табиғи тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Арша қардың біртіндеп еруіне ықпал етіп, көптеген жануарларға қорек болады. Жылына небәрі бір сантиметрдей ғана өсетін бұл ағаштың ғұмыры бірнеше жүз жылға созылады, ал кейбірінің жасы 4 мың жылға дейін жетеді.

Қайталанбас табиғаты, бай биоалуантүрлілігі және таза ауасымен ерекшеленетін Қасқасу бүгінде экологиялық туризмнің маңызды орталықтарының біріне айналып келеді. Жыл сайын шатқалдың сұлу табиғатын тамашалап, тынығуға келетін туристер саны артып, өңірдің туристік әлеуеті жаңа деңгейге көтерілуде.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Тау төсіндегі тылсым табиғат