Жасыл желек құшағындағы демалыс

Төлеби ауданы табиғатының әсемдігімен және туристік әлеуетінің жоғарылығымен ерекшеленетін өңірлердің бірі. Жыл сайын табиғат аясында тынығуды қалайтын саяхатшылардың қатары артып, соған сәйкес заманауи демалыс орындарының саны да көбейіп келеді. Әсіресе Біркөлік шатқалы бүгінде ауданның ең танымал туристік бағыттарының біріне айналған.
Осы шатқалда орналасқан «Шале» демалыс аймағы табиғатпен етене тынығып, тыныштықта демалуды қалайтын жандар үшін қолайлы орын саналады. Отбасылық демалысқа бағытталған кешенде қонақтардың жайлы тынығуына барлық жағдай қарастырылған.
Кешен аумағында жайлы қонақ үйлер, жасыл желекке көмкерілген демалыс аймағы, бассейн, монша және ашық веранда орналасқан. Табиғаттың көркем көрінісі мен таза ауа демалушыларға ерекше көңіл күй сыйлайды.
«Шале» демалыс кешені тек тынығуға ғана емес, түрлі отбасылық мерекелерді, салтанатты жиындарды және корпоративтік іс-шараларды өткізуге де қолайлы. Бұл үшін қажетті инфрақұрылым мен қызмет көрсету мүмкіндіктері қарастырылған.
Кешеннің тағы бір артықшылығы – ұлттық және шығыс асханасының тағамдары ұсынылатын мейрамхана. Мұнда келушілер қуырдақ, кәуап, қазан кебаб, палау секілді дәмді тағамдардан дәм тата алады.
Жылдың төрт мезгілінде де үздіксіз қызмет көрсететін «Шале» демалыс аймағы бүгінде Біркөлік шатқалының туристік әлеуетін арттырып, өңірге келетін қонақтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналып келеді.
