Алма бағы жайқалып тұр

image.png

Төлеби ауданындағы TauPark Qasqasu демалыс аймағы бүгінде табиғат аясында тынығып қана қоймай, белсенді демалысты ұнататын туристердің де сүйікті орындарының біріне айналған. Көркем табиғат пен заманауи қызметті үйлестірген кешен жыл он екі ай демалушыларға есігін айқара ашады.

Демалыс аймағын өзгелерден ерекшелендіріп тұрған басты артықшылықтардың бірі – алма бағы. Таудың таза ауасы мен жеміс ағаштарына көмкерілген табиғи орта қонақтарға ерекше атмосфера сыйлайды.

Кешенде салауатты өмір салтын ұстанушылар үшін түрлі белсенді демалыс түрлері қарастырылған. Мұнда велосипед тебуге, теннис, волейбол және бадминтон ойнауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, туристер рафтингпен айналысып, балық аулап, тау бөктерін жаяу немесе қолға үйретілген жылқылармен аралай алады. Қыс мезгілінде демалушыларға шаңғы тебуге де жағдай жасалған.

Қонақтардың жайлы демалысы үшін аумақта заманауи коттедждер мен ұлттық нақыштағы киіз үйлер орналасқан. Бұл табиғат аясында тынығумен қатар қазақы дәстүрдің атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.

Жасыл желек пен тау шатқалдарының ортасында орналасқан демалыс аймағы Шымкент қаласынан 65 шақырым жерде, Жоғарғы Қасқасу ауылы маңындағы Қасқасу өзенінің жағасында орын тепкен. Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын кешен экологиялық таза аймақта орналасуымен ерекшеленіп, Төлеби ауданының туристік әлеуетін арттырып отырған маңызды нысандардың бірі саналады.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Алма бағы жайқалып тұр