Жедел жәрдемді бақылауға болады
Президент тапсырмасы аясында Шымкентте жедел жәрдемнің цифрлық жүйесі енгізілді. Енді 103-ке қоңырау шалсаңыз, шақыртуыңызбен жолға шыққан жедел медициналық жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын картадан бақылауға болады.

Мегаполисте медициналық қызметті цифрландыруға бағытталған жаңа жүйе жобасы жедел жәрдемнің жету уақытын қысқартуға, шақырту барысын бақылауға және медициналық көмек көрсету сапасының ашықтығын арттыруға бағытталған. 103 қызметіне шақырту түскеннен кейін жедел межициналық жәрдем бригадасы жолға шығады. Бригада көлігінің қозғалысын Yandex Maps арқылы нақты уақыт режимінде бақылауға, сондай-ақ жедел жәрдемнің шамамен келу уақытын көруге болады. Шақырту жасаған азаматқа бригаданың жолға шыққаны туралы хабарлама да жіберіледі.
Жүйенің маңызды элементтерінің бірі – «Жасыл дәліз». Жедел жәрдем бағдаршамға жақындағанда, жүйе тиісті бағытта көлікке басымдық беруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе көлік қозғалысы тығыз учаскелерде жолдағы кідірісті азайтып, шақырту орнына жету уақытын қысқартуға бағытталған. Ал, өз кезегінде пациентке медициналық көмек көрсету процесі бейнежетон арқылы тіркеледі.
Жедел жәрдем бригадасы шақырту орнына келгеннен кейін медициналық көмек көрсету процесі бейнежетон арқылы тіркеледі. Бейнетіркеу пациентті алғашқы қарау, жағдайын бағалау және қажет медициналық көмек көрсету барысын қамтиды. Бұл механизм қызмет көрсету процесінің ашықтығын арттырып, көрсетілген медициналық көмектің сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
Жоба аясындағы негізгі үш мүмкіндік – жедел жәрдемнің қозғалысын картадан бақылау, «Жасыл дәліз» арқылы жолдағы басымдықты қамтамасыз ету және медициналық көмек көрсету процесін бейнетіркеу – барлығы бір жүйеде қарастырылған. Осылайша, 103 нөміріне шақыру түскен сәттен бастап бригаданың сол орынға жетуі және пациентке медициналық көмек көрсетуіне дейінгі негізгі кезең цифрлық технологиялармен қамтылады.
Жобаның түпкі мақсаты – жедел медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, азаматқа қажет көмекті мүмкіндігінше қысқа уақытта жеткізу. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары аясындағы денсаулық сақтау саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстың бір бөлігі болып табылады.
