Шымкентте цифрландыру адам өмірін сақтауға қызмет етуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариылаған белгілі.

Screenshot_5.png

Бұл шешім еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жаңа технологиялар негізінде жүзеге асыру, цифрлық трансформацияны жеделдету және жасанды интеллектті кең көлемде енгізу мақсатында қабылданды. Президент қол қойған Жарлықта Үкіметке қажетті шараларды қабылдау тапсырылып, оның орындалуын бақылау Президент әкімшілігіне жүктелген. Бұл қадам елдің цифрлық стратегиясын кезеңдік түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді, соның ішінде мемлекеттік басқаруда, бизнесте, білім беру және әлеуметтік салаларда цифрландыруды кеңейтуге бағытталған.

Мемлекет басшысы атап өткендей, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықаралық аренадағы рөлін күшейтеді. Жасанды интелект пен цифрландыру тек экономикалық салада ғана емес, білім беруде, денсаулық сақтау, инфраструктура және әлеуметтік қызметтерде революциялық өзгерістер әкеледі. Аталған бағытта Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы бірлесіп, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, пациент пен медицина қызметкері арасындағы қарым-қатынасты бақылауға және медицина мамандарын агрессиядан қорғауға бағытталған цифрлық жобаларды жүзеге асыруда.

Алғаш рет Шымкент қаласындағы ауруханалардың 9 қабылдау бөліміндегі камераларға жасанды интеллектпен жабдықталған бейнебақылау жүйесі енгізілді. Жаңа ақылды камералар агрессиялық жағдайларды анықтап, күдікті әрекеттер мен қауіпті заттарды дереу байқап, ақпаратты полицияның жедел басқару орталығына автоматты түрде жолдайды. Солай қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін инновациялық жүйе медицина қызметкерлері мен науқастардың қауіпсіздіктерін толықтай қамтамасыз етеді.

№1 қалалық ауруханаға тәулігіне 300-ге жуық адам жүгінеді. Қабылдау бөліміне жететіндердің арасында жүйкесі жұқарып, ашуға бой алдырып булығатындардың кездесетіні жасырын емес. Жаңа жүйе медицина қызметкерлеріне қарсы күш көрсетудің алдын алу мақсатында іске қосылды.

– Бізге пациенттер әртүрлі жағдаймен шұғыл жеткізіледі. Олардың туыстары не жақындары жанұшырып эмоциямен келеді. Дәрігерлерге кедергі жасап, ашумен қол сермеп, өзін-өзі ұстай алмай қалатындары да болады. Әрине, біз ондай жағдайға жеткізбеуге тырысамыз. Түсіндіріп айтамыз. Бірақ, қауіп төнгенде өзімізді қорғауымыз керек қой. Ақылды бейнебақылау жүйесінің іске қосылғаны дұрыс болды. Кім болса да бейнетіркеу жасалады. Бұл да бізге көмек, – дейді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Алмаз Байбеков.

Ақылды бейнебақылау камералары қауіптің алғашқы белгілерін жылдам анықтайды. Күдікті мінез-құлық пен оғаш әрекеттермен қоса қауіпті заттарды, іздеуде жүрген қылмыскерлерді таниды. Егер қандай да бір қатер туындаса, полиция департаментінің жедел басқару орталығына автоматты түрде хабар береді. 

– Жасанды интеллект дауыс көтергенде, агрессиялық жағдайда я болмаса айқай-шумен келіспеушіліктер туындағанда алдын ала монитордың алдында отырған операторларға ертерек ескертеді. Соған сай әрекет етіп, қажетті көмек тез жетеді, – дейді қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Болат Бердібеков. 

2026 жылғы маусымнан бастап жедел жәрдем бригадалары жеке бейнетіркегіштермен қамтамасыз етілді. Бүгінде барлық бригадалар бейнетіркегіштермен жабдықталған. Жүйе жедел жәрдем диспетчерлік пультімен, Шымкент қаласы Полиция департаментінің жедел басқару орталығымен және Денсаулық сақтау министрлігінің ахуалдық орталығымен синхрондалған. Жасанды интеллект агрессия белгілерін анықтаған жағдайда диспетчерлерге дереу ақпарат береді. Бейнетіркегіштер SOS жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, цидрлық жүйенің көмегімен шақыртуға шыққан фелдьшерлердің науқаспен қарым-қатынасын және жұмыс сапасы бақылауға болады. 

– Кеуде тұсымызда орнатылған бейнетіркегіштер бізге ешқандай ыңғайсыздық тудырмайды. Қимыл-қозғалысқа қолайлы. Алгоритм бойынша жұмыс істегеннен кейін біреу бақылап отыр деген ой мүлдем болмайды. Науқаспен байланыс жасаймыз. Шақыртушы киіміміздің кеуде тұсына ілініп тұрған бейнебақылаутіркегішті көрген соң артық әрекетке бармайды, сыпайы қарсы алады, – дейді жедел жәрдем фелдьшері Алмат Мырзабек.

Екінші жағынан, бейнежетонның болуы жедел медициналық жәрдем бригадасының маманын пациентке қатысты өзін дұрыс ұстауға және өзінің функционалдық міндеттері шеңберінде медициналық қызметтердің барлық спектрін көрсетуге міндеттейді. Бағдарлама Шымкент қаласының Жедел медициналық жәрдем станциясының базасында іске асырылуда, онда бригадаларды 100 пайыз қамтумен 240 бейнежетон пайдаланылады.

Айтпақшы, Шымкент тұрғындары енді 103-ке қоңырау шалып, шақыртумен жолға шыққан жедел медициналық жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын да картадан бақылай алады.

Мегаполисте медициналық қызметті цифрландыруға бағытталған жаңа жүйе жобасы жедел жәрдемнің жету уақытын қысқартуға, шақырту барысын бақылауға және медициналық көмек көрсету сапасының ашықтығын арттыруға бағытталған. 103 қызметіне шақырту түскеннен кейін жедел межициналық жәрдем бригадасы жолға шығады. Бригада көлігінің қозғалысын Yandex Maps арқылы нақты уақыт режимінде бақылауға, сондай-ақ жедел жәрдемнің шамамен келу уақытын көруге болады. Шақырту жасаған азаматқа бригаданың жолға шыққаны туралы хабарлама да жіберіледі.

Жүйенің маңызды элементтерінің бірі – «Жасыл дәліз». Жедел жәрдем бағдаршамға жақындағанда, жүйе тиісті бағытта көлікке басымдық беруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе көлік қозғалысы тығыз учаскелерде жолдағы кідірісті азайтып, шақырту орнына жету уақытын қысқартуға бағытталған.

Жоба аясындағы негізгі үш мүмкіндік – жедел жәрдемнің қозғалысын картадан бақылау, «Жасыл дәліз» арқылы жолдағы басымдықты қамтамасыз ету және медициналық көмек көрсету процесін бейнетіркеу – барлығы бір жүйеде қарастырылған. Осылайша, 103 нөміріне шақыру түскен сәттен бастап бригаданың сол орынға жетуі және пациентке медициналық көмек көрсетуіне дейінгі негізгі кезең цифрлық технологиялармен қамтылады.

Жобаның түпкі мақсаты – жедел медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, азаматқа қажет көмекті мүмкіндігінше қысқа уақытта жеткізу. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары аясындағы денсаулық сақтау саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстың бір бөлігі болып табылады.

Жасанды интеллектті қолданатын тағы бір бағдарлама – телемедициналық кешендерді енгізу. Қазіргі уақытта жабдықты орнату және интернетке қосылу, мамандарды оқыту аяқталды. Бағдарлама дәрігерлерге қосымша медициналық ресурстарды тартпай-ақ патологияларды диагностикалауға және уақтылы емдеуді бастауға мүмкіндік береді. Телемедицина төрт қалалық емхана базасында жүзеге асырылады. 

2025 жылдан бастап Шымкент қаласында медициналық ұйымдардың базасында медициналық техниканы оқшаулау есебінен пациенттің жай-күйіне жасанды интеллектті қолдана отырып талдамалық бағалау жүргізіледі. Онда мамандар "екінші" пікірді ескере отырып, патологияның ерте кезеңдерін жоғары ықтималдылықпен айқындайды.

Денсаулық сақтау саласындағы жасанды интеллектті қолданатын цифрлық бағдарламалар өзін оң жағынан көрсетті. Цифрлық жүйе медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартады, медицина мамандарының еңбегін жеңілдетеді және деонтология талаптарын ескере отырып және негізсіз агрессиядан қорғауды қамтамасыз ете отырып, дәрігерлердің пациенттермен қарым-қатынасын бақылайды.

Еске сала кетейік, қазақстандықтардың дәрігермен қашықтан кеңесу тәртібі өзгереді. 1 қыркүйектен бастап телемедициналық платформалар пациентті сәйкестендіруге, бейнебайланыс жүргізуге, медициналық құжаттарды жіберуге және денсаулық көрсеткіштерін цифрлық жүйеде сақтауға міндетті.

Денсаулық сақтау министрінің 18 тамыздағы бұйрығымен дистанциялық медициналық қызметтерге пайдаланылатын электрондық жүйелерге қойылатын талаптар жаңартылды. Платформа дәрігер мен пациентті идентификациялап, пациенттің ақпараттандырылған келісімін рәсімдеуге мүмкіндік беруі тиіс. Қашықтан қабылдау кезінде аудио және бейнебайланыс, хабарлама, медициналық құжаттар мен суреттер алмасу мүмкіндігі қарастырылады. Консультация аяқталғаннан кейін диагноз, зерттеу нәтижелері, дәрігер қорытындысы және әрі қарай емдеу жоспары цифрлық медициналық жүйеге енгізіледі. Жаңа жүйе смарт-сағат немесе басқа тағылатын медициналық құрылғылардан алынған денсаулық көрсеткіштерін де қабылдай алады. Сонымен қатар артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті және глаукоманы ерте анықтауға арналған кейбір скринингтерді дистанциялық форматта өткізу көзделген.

Асыл ДОС