Шымкентте алғашқы аутологиялық трансплантация сәтті жүргізілді
Шымкент медицинасында алғаш рет гемопоэздік дің жасушаларының аутологиялық трансплантациясы сәтті жүзеге асты. Аталған емдік процедурадан өткен 56 жастағы Әміржан Әмірбекұлы жағдайы жақсарып, өз аяғымен отбасына оралды.

Бұл – еліміздегі үшінші мегаполистің денсаулық сақтау саласындағы мүмкіндігінің нақты нәтижесі.
Трансплантация 7 тамызда Онкологиялық орталығы бар қалалық көпбейінді аурухана базасында жасалып, 20 күндік ем-шарадан кейін пациент үйіне шығарылды. Оның дің жасушалары 28-29 мамырда Ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығында арнайы сепаратор арқылы жиналып, ультратөмен температурада криоконсервацияланған. Сосын суық тізбек талаптары сақталып, Дьюар ыдысында шаһарға жеткізілді.
– Трансплантацияға біз ұзақ дайындалдық. Пациенттің дің жасушаларын жинау, сақтау және тасымалдаудың барлық кезеңі арнайы талаптарға сай орындалды. Операциядан кейін жасушалардың орнығуы байқалып, қан көрсеткіштерінде оң динамика тіркелді, – деді аурухана директоры Талғат Құрманов.
Күрделі процедура Қазақстанның бас штаттан тыс гематологы, Сүйек кемігін трансплантациялау және онкогематология орталығының басшысы Вадим Кемайкиннің тікелей қатысуымен және бақылауымен жүргізілді. Оған Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының мамандары мен қалалық көпбейінді аурухананың дәрігерлері қатысты.
Қалалық көпбейінді ауруханасы «Philips Azurion» заманауи ангиографиялық аппаратымен жабдықталған. Мұндағы Мини-инвазивті хирургия орталығында ісіктерді радиожиілікті абляциялау, эмболизация, артериялық химиотерапия, холангиостомия, нефростомия және веналық порттық жүйелерді орнату секілді интервенциялық процедуралар тұрақты жүргізіледі. Орталыққа мегаполис тұрғындарына бөлек, көрші Қырғызстаннан, еліміздің Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, облыстарынан шипа іздеп келетін азаматтар аз емес. Ал, Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеььерінің мамандарымен тәжірибе алмасу шеберлік сабақтары тұрақты өткізіліп тұрады.
Бүгінде орталықта онкологиялық ауруларды емдеудің заманауи әдістері қолданысқа енгізіліп, күрделі жағдайдағы пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Келушілерге заманауи диагностика мен емдеу әдістері ұсынылады. Атап айтқанда, Химиотерапия және эндоваскулярлық онкология бөлімшесінде бауыр, ұйқы безі және жатыр ісіктеріне эндоваскулярлық химиоэмболизация, сондай-ақ бауыр ісіктеріне радиожиіліктік абляция жасалады. Бұл емдеу тәсілдерінің басты ерекшелігі – ісік ошағына дәл бағытталған навигацияны қамтамасыз ететін заманауи ангиографиялық қондырғының қолданылуы. Оның көмегімен ісік тініне рентгенхирургиялық әдіспен нысаналы әсер етуге мүмкіндік бар.
Аталған операцияларды дәрігер-онколог-химиотерапевт, ангиохирург, PhD докторы, 14 жылдық еңбек өтілі бар Давран Исаметов пен ангиохирург дәрігер (рентгенхирург, интервенциялық хирург), II біліктілік санатты маман, 8 жылдық еңбек өтілі бар Нұржан Нұрбаев жүргізеді.
Ауруының IV сатысында медициналық көмекке жүгініп, жүргізілген ем нәтижесінде ісік көлемінің кішірейген кейбір сырқаттанушылардың жалпы жағдайында оң динамика тіркелді. Сондай-ақ, Онкологиялық орталықтың хирургиялық бөлімшесінде бүйрек ісіктеріне жоғары технологиялық лапароскопиялық операциялар жүргізіледі. Олардың қатарында лапароскопиялық нефрэктомия және бүйректің лапароскопиялық резекциясы бар. Лапароскопиялық хирургияның негізгі артықшылықтарына операциялық жарақаттың аз болуы, қан жоғалтудың төмендеуі, операциядан кейінгі ауырсыну синдромының азаюы, пациенттің тезірек қалпына келуі және қысқа мерзім ішінде қалыпты өмір салтына оралу мүмкіндігі жатады. Операцияға дейін пациент қажетті клиникалық және аспаптық тексерулерден толық өтіп, бүйрек ісігінің диагнозы нақтыланады. Хирургиялық араласу сәтті аяқталып, операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтуде.
Аталған операцияларды Онкологиялық орталығы бар қалалық көпбейінді аурухана директоры, жоғары санатты онкоуролог дәрігер, PhD докторы Талғат Құрманов пен хирургиялық бөлімшенің меңгерушісі, жоғары санатты онкоуролог Шалқарбек Мугалбеков жасап жүр.
Мамандардың айтуынша, заманауи эндоваскулярлық және лапароскопиялық технологияларды қолдану онкологиялық ауруларды емдеудің тиімділігін арттырып, күрделі жағдайдағы пациенттерге медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтеді. Шымкент қалалық көпбейінді ауруханасының Онкологиялық орталығында жоғары технологиялық медициналық көмекті одан әрі дамыту және онкологиялық аурулары бар пациенттерге заманауи емдеу әдістерінің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Шымкентте аутологиялық трансплантацияның енгізілуі күрделі гематологиялық аурулары бар пациенттер үшін жоғары технологиялық көмекті өз өңірінде алуға жол ашады. Бұл емделушілердің басқа қалаларға немесе шетелге бару қажеттілігін азайтып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Ал, алғашқы трансплантацияның сәтті өтуі еліміздің үшінші мегаполиінде жоғары технологиялық медицинаның жүйелі түрде дамып келе жатқанының нәтижесі.
