Шымкент қолайлы қалаға айналуда

Шымкент тұрғындарына 10 қыркүйекке дейін 3699 пәтердің кілті табысталды. Жыл соңына дейін тағы 3687 отбасы баспанамен қамтылатын болады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтты. 

Screenshot_12.png

Брифинг беруші әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамтудан бастап, қаланың инфрақұрылымында, туризм, денсаулық, спорт, білім салалрындағы атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндады.  

Спикердің сөзімен айтсақ, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен және тапсырмасымен 1 қазан – Қарттар күніне орай 70 жастан асқан 35973 қартқа 3 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 12975 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Ол үшін бюджеттен 466,8 млн теңге бөлінді. Одан бөлек, 80 жастан асқан жалғызілікті 101 қартқа ай сайын 2 АЕК – 8650 теңге көлемінде барлығы 7 млн теңге әлеуметтік көмек төленіп отыр. 30 тамыз – Конституция күніне орай жыл сайын мүгедектігі бар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бір реттік әлеуметтік көмек берілетін. Алайда елімізде болған саяси тарихи шешімдерге байланысты Конституция күні өзгерді. Сол себепті 30 тамызда аталған әлеуметтік көмек төленген жоқ. Бірақ, қала әкімінің тапсырмасы бойынша бұл көмекті 25 қазан – Республика күніне орайластырып беру жоспарланған. Осыған байланысты нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде. 25 қазанда міндетті түрде мүгедектігі бар балаларға 5 АЕК – 21625 теңге көлемінде көрсетілетін болады. Бүгінде қалада 8238 ерекше бала бар. Осы балалар үшін 178,1 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылып отыр. Сонымен қатар, Республика күніне орай 18 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 20 АЕК – 86500 теңгеден бір реттік көмек көрсетілетін болады. Қалада қазір осы санатта 720 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Бұларға жоспарланған қаржының көлемі 62,3 млн теңгені құрайды. 

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде ақталған 33 адамға 65 АЕК – 281125 теңгеден барлығы 9,2 млн теңге қарастырылған. 

Бүгінгі таңда Шымкентте 1258 отбасының 9572 адамына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Жұмыспен қамту нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алуышылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 61 пайызға азайған. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың әрбір 6 жасқа дейінгі баласына 1,5 АЕК – 6488 теңге көлемінде ай сайын қосымша төлем төленеді. Бүгінгі таңда сондай 1658 отбасыда 3308 бала өмір сүріп жатыр. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 61,7 пайызға кеміді. 

2026 жылға 31398 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болса, қазіргі таңда соның 25390-ы жұмысқа тартылыпты. Бұл жоспардағы жұмыспен қамтылуы тиіс адамдардың 81 пайызы, соның ішінде 15319 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жыл соныңа дейін қалған 19 пайызды құрайтын тұрғындар жұмыспен қамтылмақ. 

Қыркүйек айының соңғы жексенбісі – Еңбек күніне орай қала билігі 22 қыркүйекте Көрме орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырмақ. Бұл жәрмеңкеге 100-ге жұмыс беруші шақырылып отыр. Бұдан басқа Шымкентте 400 АЕК көлемінде жыл сайын әкімнің гранты жарияланады. Осы 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант алушылар өздері өндірген өнімдерін осы жәрмеңке барысында көрмеге ұсынатын болады. Сонымен қатар, бұл көрмеге жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасымен Абай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау және Павлодар облыстарынан да делегациялар келіп қатысады. Олар өз мүмкіндіктерін, ерікті қоныс аудару кезінде мемлекет және жергілікті қорлар тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау, тұрақты жұмыспен қамту шаралары туралы ақпарат беретін болады. 

Әлеуметтік қолдаудың тағы бір түрі – тұрғын үй кезегінде тұрған адамдарды пәтермен қамту. Бұл бағытта Шымкентте 2026 жылдың соңына дейін 7386 отбасыға пәтер беру жоспарда бар. Оның 2818-і жалдамалы, 4568-і несиелік бағытта берілетін пәтерлер. Бүгінге дейін 7386 пәтердің 3699-ы табысталды. Жыл соңына дейін қалған 3687 отбасын пәтермен қамту жоспары толығымен орындалады. Бұдан бөлек, «Ренновация» бағдардамасы бойынша 2030 жылға дейін  көпқабатты 66 тұрғын үйдегі 600 пәтерді беруді жоспарланған. 2024-2026 жылдар аралығында «Ренновация» бағдарламасы аясында 17 үйдегі 172 пәтер тұрғындарға берілді. Биыл жыл соңына дейін тағы 8 үйдегі пәтерлерге отбасыларды қоныстандыру межеленген. 

Денсаулық сақтау саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Қаладағы бұрын-соңды болмаған, жасалмаған жоғары технологиялық операциялардың жүзеге асуы мен қолданысқа енгізілген емдеудің озық әдістері туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қабибеков бұған дейін дәл осы алаңда брифинг бергенін ескерген қала әкімінің орынбасары бұл саланың жетістіктерін жан-жақты баяндап жатпады. Тек қалада демографиялық өсімі артып бара жатқанын сөз етті. Шымкентте жыл сайын 30 мыңнан аса сәби дүниеге келетінін айтты. 

– Қазіргі қолданыстағы перзентханалар мен бір перинаталды орталықтың босанулардың бәрін қамту мүмкіндігі жылдан жылға азайып бара жатқаны сезіледі. Соған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шымкентте 200 төсек орынды жаңа перинаталды орталық салынып жатыр. Статитикалық мәліметке сүйенсек, шаһарда 543035 бала тұрады. Бұл шамамен мегаполис халқының 40 пайызы. 2024 жылдың қорытындысында қалада 524 мың бала болса, олардың саны бір жарым жылдың ішінде 23 мыңнан астам балаға көбейді. Жаңа перинаталды орталықта ана мен баланың денсаулығы үшін барлық жағдай жасалып, бәрі заманауи үлгіге сай болады, – дейді спикер. 

Шымкент қаласының әкімдігі дене шынықтыру және спорт саласына да ерекше көңіл бөліп келеді. Қалада жастар, ардагерлер, коорпоративтік лигалар толыққанда кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұқаралық спорты дамытуда тиісті министрлік тарапынан Шымкентте атқарылған жұмыстар өзге қалалар мен өңірлерге өнеге ретінде айтылып жүр. Бұқараны спортқа баулу мақсатында 13 қыркүйекте биылғы «Шымкент марафоны» ұйымдастырылды. Бұған Қазақстан мен шет елдерден 7,5 мың қатысушы жиналды. Жалпы 15 елден 154-тен астам спортшы қатысты. Марафоншылар 5, 10, 21 және 42 шақырымдық эстафеталар бойынша өз бақтарын сынады.

Туризм бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. 26 қыркүйекте «Этноауыл» кешенінде көше тағамдары «Стритфудфест» фестивальін өткізу жоспарлануда екен. Бұл фестивальге 50-ге жуық тамақтану орындары мен стритфуд өкілдері қатыспақ. Келушілерге қаланың үздік тез дайындалатын тағамдары ұсынылып, гастрономиялық өнімдердің жәрмеңкесі, түрлі интерактивті бағдарламалар, ойын-сауық шаралары ұйымдастырылатын болады. Осы күні шымкеттіктер рекорд жаңартпақ: қазақстандық «КИнЭС» рекордтар кітабына енгізуге ең үлкен хотдог дайындау шаралары жүріп жатыр. 

Қаладағы басты басымдық берілген бағыттарының бірі – жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша да біршама ауқымды тірліктер атқарылған. Кейінгі үш жылда 1500 шақырымнан астам автомобиль жолдары жөндеуден өтті. Сонымен қатар, көлік қозғалысын реттеуге және жолдағы кептелісті азайтуға бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда екі ірі жолайрық пайдалануға берілді. Момынов көшесіндегі теміржол өткелі іске қосылды. Тіленшин көшесіндегі теміржол өткелінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар. 

Қала үшін маңызды жобалардың бірі – Қонаев даңғылы мен А2 транзиттік айналма жолы реконсрукциялануда. Бірнеше жыл бойы түрлі себептермен созылған құрылыстар бүгінгі таңда аяқталу кезеңіне таяды. Шұбаркөл көшесі құрылысының да негізгі бөлігі аяқталды. Ұзындығы шақырымды құрайтын жол учаскесі төрт жолаққа арналған. Қазіргі таңда жолдың асфальт жабындысының үстіңгі қабаты толық төселіп, негізгі жұмыстары бітті. 

Ы.Алтынсарин көшесін де реконструкциялау жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Қайта құрылымдау М.Шоқай көшесінен Тұран шағынауданына дейінгі аралықта жүргізілді. Ұзындығы екі шақырым болатын көше екі жолақтан төрт жолаққа бейімделіп кеңейтілді. Аталған нысанның іске асырылуы қаланың осы бөлігінде көлік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартып, бірнеше жыл бойы өзекті болған мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Алтынсарин көшесі Бәйдібек би даңғылына балама ретінде іске қосылып, көлік көптелістерін біршама реттеді. Бәйдібек би даңғылындағы көпірдің де құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысан жоспарға сай мерзімінде пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар Т.Рысқұлов көшесінің Бәйтереков көшесінен Шаяхметов көшесіне дейінгі аралығында жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған аралықта екі бағытта да ұзақ жылдардан бері тозығы жеткен асфальт жабыны алынып, жаңа асфальт төселді.

Шымкент қаласының инфрақұрылымын дамыту және тұрғындар мен шаһар қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында қоғамдық көлік жүйесін оңтайландыру, автобус паркін жаңарту, жолаушылар тасымалын жақсарту және электронды билеттендіруді дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл тұрғындардың өтініштері бойынша бірнеше бағыттағы қоғамдық көлік қозғалыстары, атап айтқанда, №5, №25, №44, №61, №68, №104, №122, №139, №150 маршруттары ұзартылды. Бұл жұмыстардың барлығы қала тұрғындарының өтінішімен, әкімнің тапсырмасымен жүзеге асырылды. 

– Қаладағы барлық қоғамдық көліктер сағат 21:00-ге дейін жолаушылар тасымалдайды. Сонымен қатар, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 9 бағыттағы автобустар жұмыс уақыты ұзартылды. Атап айтқанда, №12, №17, №27, №35, №74. №84, №103, №113, №126 бағыттағы автобустар қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді, – деді Сәрсен Абайұлы.  

Автобустар паркін жаңалау да жалғасады. Биыл қыркүйек айына дейін 60 жаңа автобус әкелінсе, жыл соңына дейін тағы 200-ге жуық автобус жеткізіліп, ел игілігіне қызмет жасамақ. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында балаларға ойын алаңшалары, аллеялар мен гүлзарлар, саябақтар салынуда.

Білім беру саласында да атқарылған жұмыстар аз емес. Шымкентте жаңа оқу жылында мектеп партасына 405 мыңға жуық оқушы отырды. 29495 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттады. Оның 22309-ы қазақ, 5580-і орыс, 1606-сы өзбек мектебіне барды. Білім ошақтарына кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

– Биыл 6 мектеп пен бір балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталып пайдалануға берілді. Сонымен қатар, қолданыстары біраз мектептердің оқу ғимараттарын кеңейту үшін қосымша құрылыстар жүргізілуде. Өйткені 2027-2028 оқу жылында шамамен 44 мың бала мектепке бірінші рет барады деп күтілуде. Бұл биылғы 29 жарым мың баладан әлдеқайда көп. Осы жоспарға дайын болуымыз керек. Бүгінге дейін 11 мектепке қосымша оқу ғимараттары салынды. Кейбір мектептер түгел сүріліп, орындарына үлкейтіп жаңалары салынды. Қосымша құрылыстардың қатарында жыл соңына дейін аяқталып, іске қосылатындары да бар, – деді қала әкімінің орынбасары. 

Қала әкімінің тапсырмасымен биыл үшінші жыл қатарынан жоғары оқу орындарына гранттар бөлініп келеді. Жыл сайын 285 грант бөлінеді. Өткен оқу жылында соның 245-і игерілсе, биыл бөлінген сол көлемдегі гранттың 175-і игерілді. Кейбір гранттар оқушылардың үлгерімдеріне байланысты игерілмепті. Сол сияқты техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды қайта даярлауға да 6 мың грант бөлінген. Қаладағы 37 көлледждің 28-і осы грант бойынша 6 мың адамды оқытуға ие болды. Мұның барлығы Мемлекет басшысының 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауына байланысты берілген тапсырмалардың негізінде жүзеге асты. 

Сонымен қатар, спикер қаладағы заңсыздықтармен күрес туралы да айтты. Бірақ, бұлардың барлығы да Шымкентті тәртіп орнаған қолайлы қалаға айналдыру үшін жасалып жатқан жұмыстар екені айдан анық. 

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Шымкент қолайлы қалаға айналуда