Қазақ тілін дамыту – ортақ міндет
Мемлекеттік тіл еліміздегі түрлі этнос өкілдерін біріктіретін ортақ құндылыққа айналуы тиіс. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай үшінші мегаполисте өткен «Қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумда айтты.

Қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырған форум аясында қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуына қатысты құнды материалдар, ұлттық мәдениет пен руханиятты танытатын жәдігерлер, тіл жанашырлары мен көрнекті тұлғалардың еңбектері қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды. Шымкент шаһарында тіл саясаты бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
– Тіл – ұлттың рухани негізі, халықтың тарихы мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құндылық. Бүгінде қазақ тілін дамыту мен оның қолданыс аясын кеңейту – ортақ міндет. Мемлекеттік тіл еліміздегі түрлі этнос өкілдерін біріктіретін ортақ құндылыққа айналуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңызы зор, – деді көпшілікті Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтаған Сәрсен Құранбек.
Қала әкімінің орынбасары мемлекеттік тілдің дамуына және оның қоғамдық ортада кеңінен қолданылуына үлес қосқан бірқатар сала мамандарына Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасын табыстады. Ал Шымкент қаласы әкімінің алғысхатына ие болған мамандарға марапатпен бірге домбыра сыйға берілді.
Форумда еліміздің өзге өңірлерінен келген ғалымдар мен сала мамандары тіл саясаты мен тілдік ортаны қалыптастыру мәселелеріне қатысты ғылыми пайымдарын ортаға салды. Мемлекеттік тілдің қоғамдық ортадағы қолданысын кеңейту, қазақ тілін күнделікті өмірде белсенді қолдану және оның ұлтаралық қарым-қатынастағы рөлін арттыруға бағытталған ұсыныстар айтылды.
