Тұрғындардың талап-тілектері аяқсыз қалмайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» немесе «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын «Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, барлығымызға ортақ міндет» деп айтқан болатын.

«Естуші мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың бірден-бір жолы – халықпен көшпелі кездесулер өткізіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, өзекті мәселелерді бірге талқылау. Аптаның алғашқы жұмыс күнінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте тұрғындармен көшпелі кездесулердің қорытындысы қаралды.
Биылғы Шымкентте III тоқсанда 20 көшпелі кездесу ұйымдастырылып, оған шамамен 2 мың тұрғын қатысты. Қала әкімімен кездесулер барысында азаматтардан 898 өтініш пен ұсыныс түскен. Негізгі мәселелер инженерлік және жол-көлік инфрақұрылымына, жер мен тұрғын үйге, абаттандыруға қатысты болды. Сонымен қатар қоғамдық көлік, балалар ойын алаңдары, кәріз жүйесі, жер учаскелерін заңдастыру және тұрғын үй кезегіне тұру мәселелері көтерілді.
Жалпы, 2023-2026 жылдар аралығында Шымкентте 227 көшпелі кездесу өткізіліп, 5,6 мың өтініш түскен. Оның 4315-і, яғни 77,1 пайызы орындалған. Қалған 1285 өтініш бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аппараттық кеңесте көліктік бақылау мәселесіне де назар аударылды. Қалада 560 мыңнан астам автокөлік тіркелген, оның 40915-і жүк көлігі. Жыл басынан бері Көліктік бақылау инспекциясы 7,1 мың жүк көлігін тексерген. Нәтижесінде 2871 әкімшілік хаттама толтырылып, 300,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Қала аумағында ауыр жүк көліктерін бақылауға арналған үш автоматтандырылған өлшеу станциясы жұмыс істейді. Олар арқылы 1,8 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, 1245 нұсқама берілген. Салынған айыппұл көлемі 207 млн теңгені құрады. Жыл соңына дейін тағы алты автоматтандырылған станцияны іске қосу жоспарланып отыр.
Көлік қозғалысына байланысты бақылау карьерлік кәсіпорындарға да қатысты жүргізілуде. Қаладағы 14 карьерлік кәсіпорын бойынша рейдтер мен тексерулер барысында 613 жүк көлігі тексеріліп, 411 әкімшілік хаттама толтырылған. Нәтижесінде 30,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Алдағы уақытта автоматтандырылған станциялар желісін кеңейтіп, карьерлерге салмақ өлшейтін жабдықтар орнату көзделген.
Кеңесте ветеринариялық бақылаудың жайы да талқыланды. Мамандардың мәліметінше, қаладағы эпизоотиялық жағдай тұрақты. Жылдың сегіз айында 2117 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер қорытындысы бойынша 210 әкімшілік хаттама толтырылған. Заң бұзушылықтар үшін 9,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Ішкі сауда нысандарын тексеру кезінде белгіленген талаптарды бұза отырып әкелінген 12510 тауық жұмыртқасы және ветеринариялық құжаттары жоқ 15,7 келі шұжық өнімі анықталып, жойылды. Бұл фактілер бойынша 324 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ малды белгіленбеген орындарда союға қатысты 14 әкімшілік хаттама толтырылып, 692 мың теңге айыппұл өндірілді.
Аппараттық кеңес қорытындысында қала әкімі тұрғындардың өтініштерімен жұмысты күшейтуді, ауыр жүк көліктері мен карьерлік кәсіпорындардың қызметіне бақылауды кеңейтуді және ветеринариялық бақылауды күшейту бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
