АИТВ аналардан 17 сау бала дүниеге келді
Шымкент қаласында 2026 жылдың 8 айында адамның иммун тапшылығы вирусымен (АИТВ) өмір сүретін аналардан 17 бала дүниеге келді. 17 нәрестенің барлығы профилактикалық еммен қамтылды.

Қазіргі таңда бәрінің де дені сау, АИТВ инфекциясының анадан балаға берілу жағдайы тіркелген жоқ. Бұл нәтижеге АИТВ инфекциясын дер кезінде анықтау, жүкті әйелдерді тұрақты медициналық бақылауда ұстау, антиретровирустық терапияны уақтылы бастау және профилактикалық шараларды сақтау арқылы қол жеткізілуде.
АИТВ инфекциясының табиғи берілу жолдарының бірі – анадан балаға: жүктілік, босану және емізу кезеңінде. Бүгінгі медицинаның жетістіктері нәтижесінде вирустың анадан балаға берілу қаупін едәуір төмендету мүмкіндігі бар. Ол үшін елімізде барлық жүкті әйелдер мен олардың жұбайлары міндетті түрде АИТВ-ға тексеріледі.
Тексеру нәтижесінде әйелде немесе оның жұбайында вирус анықталған жағдайда, анадан балаға берілуінің алдын алу мақсатында арнайы вирусқа қарсы дәрілік заттар тағайындалады. Вирустың анадан балаға берілу мүмкіндігін одан әрі төмендету мақсатында, толғағы келген әйелді табиғи жолмен босандырмай, кесарь тілігі ота әдісімен баланы дүниеге келтіру, одан кейін нәрестені ана сүтімен емес, жасанды сүт қоспаларымен тамақтандыру (ананың сүтінде вирус көп мөлшерде болуы ықтимал) ұсынылады. Қосымша нәрестеге антиретровирусты препараттардың сұйық түрі 6 аптаға тағайындалады. Бұл бағытта Шымкент қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығында АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жүкті әйелдерді ерте анықтау, медициналық бақылауға алу, антиретровирустық терапиямен қамтамасыз ету және нәрестелердің денсаулығын бақылау бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Медицина ғылымының жетістіктері нәтижесінде сапалы, тиімді, қабылдауға қолайлы (күніне 1 таблетка), жанама әсерлері, уыттылығы төмендетілген антиретровирустық препараттар қолданылуда. Нәтижесінде АИТВ-мен өмір сүретін аналар дені сау бала дүниеге әкелуде. Мысалы, 2015 жылы бір әйелде жүктілік кезінде АИТВ анықталған болатын. Дәрігерлер тағайындаған емін дұрыс қабылдау нәтижесінде, өткен 11 жыл ішінде 5 нәрестені (2015, 2017, 2023, 2024, 2026 жылдары) дүниеге әкелді. Медициналық бақылау барысында балаларына вирус берілмегені нақтыланды.
1990 жылдан бері АИТВ-мен өмір сүретін аналардан дүниеге келген 741 бала АИТВ-инфекциясы анықталмай, дені сау болып есептен шығарылған. Мамандардың айтуынша, АИТВ-мен өмір сүретін әйел дәрігердің ұсынымдарын сақтап, қажетті емді тұрақты қабылдаған жағдайда дені сау бала дүниеге әкеле алады. Сондықтан жүктілік кезінде АИТВ-ға тексеруден өту, медициналық бақылауда болу және тағайындалған емді үзбей қабылдау маңызды.
Шымкент қалалық ЖИТС орталығы ана мен бала денсаулығын қорғауға, АИТВ инфекциясының алдын алуға және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған шараларды тұрақты түрде жалғастыруда.
Шымкент қаласы ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қ.Машировтің айтуынша, елімізде тіпті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмаған Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастарға, АИТВ инфекциясына тексеру, вирусқа қарсы препараттармен емдеу, диспансерлік бақылау және алдын алу шаралары толығымен тегін жүргізіледі. Жақын болашақта антиретровирусты терапияны одан әрі жетілдіру тетіктері – күнделікті таблетка қабылдаудың орнына 2 айда 1 рет инъекция (егу) жасау әдісін енгізу жоспарлануда.
