«Айналма жол Шымкент үшін аса маңызды жоба»
Енді екі жылдан кейін Алматы-Термез бағытында қатынайтын транзиттік көліктер Шымкент қаласына кірмейтін болады.

Осы мақсатта мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жоба ұзындығы 50 шақырым болатын айналма жол құрылысы басталды. Аталған нысанның капсуласын салу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл жобаның Шымкенттің көлік-логистикалық әлеуетін арттырудағы маңызы жоғары екенін айтады.
– Мемлекет басшысы еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға және транзиттік әлеуетін арттыруға баса назар аударып келеді. Маңызды көлік торабында орналасқан Шымкент үшін бұл жоба аса маңызды. Ол қала жолдарына түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, айналма жолға іргелес аумақтардың дамуына да серпін береді. Бұл жерлерде өндірістік, логистикалық, сауда және сервистік нысандар орналастырылуы мүмкін, – деді шаһар басшысы.
Жаңа жол халықаралық және республикалық маңызы бар транзиттік көлік ағынын қала аумағына кіргізбей, айналып өтуге мүмкіндік береді. Бұл, ең алдымен, Шымкенттің негізгі көшелеріне түсетін көлік жүктемесін азайтып, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын реттеуге және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Төрт жолақты магистраль Алматы бағытынан келетін көлік жолын Алматы-Термез тасжолы арқылы Солтүстік айналма жолымен және Ташкент бағытына шығатын жолмен байланыстырады. Жоба толық іске асқан жағдайда Алматы мен Сарыағаш бағыттары арасындағы транзиттік қозғалыстың едәуір бөлігі қалаға кірмей өтеді.
Жоба құрамында заманауи инженерлік инфрақұрылым мен интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу қарастырылған. Құрылыс кезеңінде 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Ал жол пайдалануға берілгеннен кейін нысанды күтіп ұстау және қызмет көрсету жұмыстарына шамамен 100 маман тартылмақ.
Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, айналма жолдың құрылысын екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Жол ақылы негізде пайдаланылатын болады. Түскен қаражат жолды күтіп ұстау мен пайдалануға жұмсалып, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа магистраль Түркістан облысының туристік бағыттарына, оның ішінде таулы аймақтарға қатынасты жақсартады. Бұл өңіраралық көлік байланысын күшейтіп, туризм, логистика және сервистік инфрақұрылымның дамуына жаңа мүмкіндік береді.
