Онконауқастарды емдеудің заманауи әдістері көрсетілді

Шымкентте онкологиялық ауруларды емдеудің заманауи әдістеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық мастер-класс өтуде. Іс-шараға шетелдік жетекші онкологтар, интервенциялық хирургтар мен радиологтар, сондай-ақ отандық медицина мамандары қатысуда.

Screenshot_16.png

Жиын барысында қатерлі ісіктерді емдеудің жаңа технологиялары мен аз инвазивті хирургиялық тәсілдер талқыланып, бірқатар әдістер тәжірибе жүзінде көрсетілуде.

Мастер-класс жұмысына Санкт-Петербург қаласындағы Н.Петров атындағы Ұлттық медициналық зерттеу онкология орталығының жетекші интервенциялық хирургтары, Ұланбатордағы жапон-моңғол университеттік клиникасының директоры, профессор, Сеулдегі интервенциялық радиологтар, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанның жетекші онкология орталықтарының хирургтары қатысуда. Франция мен Австралияның жетекші онкологтары іс-шараға онлайн форматта қосылды.

Мастер-класс аясында Шымкент қаласының Онкологиялық орталығы бар көпбейінді қалалық ауруханада бүйректің қатерлі ісігін емдеуде криоабляция әдісі алғаш рет қолданылды. Бұл – ісік тінін төмен температура әсерімен жоюға бағытталған аз инвазивті емдеу тәсілі. Сонымен қатар, сегіз науқасқа заманауи аз инвазивті емдеу әдістері жүргізілді. Мамандар қалқанша безі, бүйрек және бауыр ісіктерін емдеуде қолданылатын жоғары технологиялық тәсілдерді тәжірибе жүзінде көрсетуде. Іс-шара барысында онкологиялық ауруларды ерте анықтау, скринингтік тексерулер мен чекап арқылы алдын алу мәселелеріне де назар аударылуда.

Халықаралық мастер-класс екі күнге жалғасады. Іс-шара аясында барлығы 15-ке жуық операция жасау жоспарланған. Жиынның негізгі мақсаты – халықаралық тәжірибені меңгеру, заманауи медициналық технологияларды клиникалық тәжірибеге енгізу және онкологиялық науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.