Кешенді оңалту орталығы белсенді өмірге бастайды
Шымкентте Президенттің пәрменімен салынған мүгедектігі бар азаматтарға арналған 150 орындық жаңа оңалту орталығы пайдалануға берілді. Аталған әлеуметтік нысанның ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Қала басшысы орталықтың ашылуы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудың маңызды нәтижесі екенін атап айтьып, оның қала тұрғындарына сапалы оңалту көмегін алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
– Президенттің тапсырмасына сәйкес Шымкентте мүгедектігі бар азаматтар кешенді көмек алып, қолайлы жағдайда оңалтудан өте алатын заманауи орталық ашылды. Мұнда денсаулықты қалпына келтіруге, әлеуметтік бейімделуге және белсенді өмірге оралуға барлық мүмкіндік жасалған, – деді Ғабит Әбілмәжитұлы.
Жаңа әлеуметтік нысан заманауи оңалту орталықтарының желісін дамыту мақсатында мегаполистің Бозарық шағынауданында бой көтерді. Іргетасы 2024 жылдың желтоқсанында қаланған оңалту орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп, мерзімінен бұрын аяқталды.
Оңалту кешені 5,3 гектар аумақты алып жатыр. Мұндағы ғимараттардың жалпы ауданы шамамен 22 мың шаршы метрді құрайды. Орталық медициналық, оңалту, спорттық, әлеуметтік және тұрғын инфрақұрылымды біріктіретін бес блоктан тұрады.
Орталық I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық форматта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған.
Кешен құрамында үш қабатты оңалту корпусы, емдік-сауықтыру бассейні, спорт және акт залдары, екі қабатты стационар, асхана, шеберханалар және басқа да қажет бөлмелер қарастырылған.
Оңалту корпусында дәрігерлер мен мамандардың кабинеттері, физиотерапия, механотерапия, массаж, сумен емдеу, логопедиялық және психологиялық көмек көрсетуге арналған бөлмелер орналасқан. Әлеуметтік және еңбекке бейімдеу мақсатында тігін, қыш және слесарлық шеберханалар, шығармашылықпен айналысуға арналған бөлмелер мен кітапхана қарастырылған.
Дене шынықтыру арқылы да оңалтуға айрықша көңіл бөлінген. Мұндағы спорт залда бір мезетте 25 адам бір-біріне кедергі келтірмей физикалық жаттығулар жасай алады. Ал, емдік-сауықтыру бассейні бір мезетте 46 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Акт залы 150 орынға есептелген, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар пайдаланатын арбаларға арналған 40 орын бар.
Қызмет алушылардың уақытша тұруы үшін бір және екі орынды бөлмелерден тұратын екі қабатты стационар жасақталған. Олардың арасында мүгедек арбасын пайдаланатын азаматтарға арнайы бейімделген бөлмелер де бар.
Орталық отандық және шетелдік өндірістің заманауи медициналық жабдықтарымен, оның ішінде арнайы техникамен қамтамасыз етілген. Қажет процедуралар аяқталған соң орталық азаматтарды қабылдауды бастайды.
Айта кетейік, орталықтың ашылуы Шымкент тұрғындарының оңалту және арнаулы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін кеңейтіп, мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруі мен әлеуметтік бейімделуіне қосымша мүмкіндік береді.
