60 отбасы баспаналы болды
Шымкентте тағы 30 отбасыға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды. Сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы үйлер Бозарық және Асар-2 шағынаудандарында орналасқан.

Салтанатты рәсімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа көп қабатты үйлер заманауи талаптарға сай салынып, жайлы өмір сүруге қажет инженерлік-коммуникациялық жүйелермен жабдықталған. Пәтерлер мүгедектігі бар азаматтарға, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, көп балалы және толық емес отбасыларға, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген ардагерлерге, сондай-ақ, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді.
30 отбасы үшін пәтер кілттерін алу маңызды оқиғаға айналып отыр. Қала тұрғындары баспанамен қамтамасыз еткені үшін алғыс білдіріп, көрсетілген қолдауға ризалықтарын жеткізді.
Бұдан бір жеті бұрын осы Бозарық, Асар-2 шағынаудандарымен қатар Ақжайық орналасқан көп қабатты үйлер де пайдалануға берілген еді. Ол кезде қала әкімі пәтер кілттерін табыстау рәсімінде 30 отбасы баспаналы болған.
Пәтерлерді «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысып, төлем қабілеттілігі мен бағдарлама талаптарына сәйкестігін растаған азаматтар сатып алды. Жаңа баспана иелерінің қатарында көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылардың өкілдері және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.
Жеңілдетілген бағдарламалар қала тұрғындарына қолжетімді шарттармен үй сатып алуға мүмкіндік береді. Бірнеше жыл бойы баспана мәселесін шешуге ұмтылған отбасылар үшін жеке пәтерге ие болу – тұрғын үй жағдайын жақсартуға берілген мүмкіндік.
Бозарық шағынауданындағы жаңа көпқабатты үйлер заманауи тұрғын үй құрылысын қалыптастыратын нысандардың қатарына жатады. Шағынауданның дамуымен бірге мұнда тұрғындардың күнделікті өміріне қажет жағдайлар жасалуда.
Шымкентте қолжетімді баспанаға сұраныс сақталуда. Осыған байланысты қала әкімдігі баспана құрылысының көлемін арттырып, жеңілдетілген бағдарламалар арқылы пәтер сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыруда.
