Қарқынды даму түзетулерді талап етеді

Шымкенттің бас жоспарына түзетулер енгізіледі. Өйткені қаланың қарқынды өсуі территориясын тиімді жоспарлауды, инфрақұрылымды дамытуды және құрылыс талаптарын заманға сай бейімдеуді қажет етеді.

Screenshot_2.png

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Дәурен Мұқанов мәлімдеді.

Үкіметтің 2023 жылғы 17 қазандағы №916 қаулысымен бекітілген Бас жоспарды жаңарту қажеттігі қаланың даму қарқыны мен жаңа жобаларға байланысты туындаған. Спикердің сөзіне сүйенсек, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша жеке және заңды тұлғалардан 1800-ден астам өтініш түскен.

– Түзетулер бес негізгі бағытты қамтиды. Біріншіден, көлік инфрақұрылымы оңтайландырылады. Рысқұлов және Өтегенов көшелерінде, сондай-ақ Темірлан тасжолында ені 80 метрге дейін жететін қызыл сызықтарды нақтылау көзделген. Бұл жер учаскелерін пайдалануға қойылатын шектеулерді және мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты ықтимал бюджет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Екіншіден, Шымкент әуежайының жаңа ұшу-қону жолағының құрылысы Бас жоспарда ескеріледі. Үшіншіден, табиғи қауіп-қатерлерге бейім аумақтар нақты көрсетіледі. «Қазселденқорғау» мәліметіне сәйкес, көшкін қаупі бар 13 аймақта 109 нысан орналасқан, онда 433 адам тұрады. Ал сел қаупі бар 29 учаскеде 328 нысан мен 1129 тұрғын бар. Бұл деректер қала құрылысын жоспарлау кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін ескеруге негіз болады, – дейді Дәурен.

Шаһарда газ тұтынудың артуына байланысты автоматтандырылған екі жаңа газ тарату станциясын салу жоспарлануда. Жаңа өндіріс орындарын орналастыру, инвестиция тарту және өнеркәсіптік аймақтарды дамыту үшін қосымша аумақтар қарастырылмақ. Бас жоспарға түзетулер енгізуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілген. Қазіргі уақытта құжатты өзектендіру жұмыстары жалғасуда. Жоспарланған өзгерістер қаланың инфрақұрылымын жетілдіруге, жерді тиімді пайдалануға және Шымкенттің алдағы жылдардағы дамуын жүйелі жоспарлауға бағытталған. Негізгі мақсат – қаланың даму әлеуетін арттырып, жер ресурстарын ұтымды пайдалану және тұрғындарға қауіпсіз орта қалыптастыру.

Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы қаланың сәулеттік-жоспарлау саясатын іске асыруға, құрылыс саласындағы бірқатар мемлекеттік қызметті көрсетуге және қала аумағындағы құрылыс үдерістерін белгіленген тәртіппен үйлестіруге қатысады. Басқарманың жұмысы тек құжаттарды рәсімдеумен шектелмейді. Оның шешімдері құрылыс салушылардың қызметіне, тұрғындардың мүддесіне және қалалық ортаның қалыптасуына ықпал етеді. 

Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілеріне тоғыз түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олардың қатарында үлестік құрылысқа қатысты рұқсаттар мен құжаттарды рәсімдеу, құрылыс және реконструкция жобаларына бастапқы материалдар ұсыну, эскиздік жобаларды келісу, жылжымайтын мүлік объектілеріне мекенжай беру және жер учаскелеріне қатысты бірқатар рәсімдер бар. Бұл қызметтер құрылыс саласындағы құқықтық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге, нысандарды жобалау мен іске асырудың белгіленген талаптарға сай жүргізілуіне мүмкіндік береді. Әсіресе, үлестік құрылысқа қатысты рұқсаттар мен келісімдердің маңызы зор. Өйткені бұл бағыттағы шешімдер құрылыс салушылардың жауапкершілігімен қатар, азаматтардың қаржылық мүддесіне де тікелей байланысты. 

Басқарма жұмысының ауқымын мемлекеттік қызметтерге түскен өтінімдер санынан да аңғаруға болады. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 33 мың 279 өтінім түсіп, оның 24 мың 928-і бойынша қызмет көрсетіліп, 8351 өтінім бойынша бас тарту шешімі қабылданған.

Сәулет және қала құрылысы саласында мемлекеттік қызметтің сапасы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Мекенжай беру, эскиздік жобаларды келісу, құрылысқа қажетті бастапқы материалдарды ұсыну немесе жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге қатысты шешімдер әрқайсысы нақты құқықтық және практикалық салдарға ие. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру тек өтінімдерді жылдам өңдеумен шектелмеуі керек. Өтініш берушілерге қойылатын талаптарды түсінікті жеткізу, құжаттарды рәсімдеу кезінде туындайтын қателердің алдын алу, электрондық қызметтерді пайдалануға қолжетімді жағдай жасау да маңызды.

– Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматта көрсетіледі. Тұрғындар сәулет-жоспарлау тапсырмасын алу, эскиздік жобаны келісу және өзге де қызметтер бойынша өтініштерін электронды цифрлық қолтаңба арқылы қашықтан жолдай алады. Бұл үшін тиісті ақпараттық жүйелер қолданылады. Электронды қызмет көрсету тәртібі азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қала аумағындағы құрылыс нысандарының заңдылығын бақылау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. GeoShym геоақпараттық платформасы арқылы құрылыс нысандары туралы мәліметтерді көруге болады. Ал заңсыз құрылысқа қатысты мәселе туындаған жағдайда, тұрғындар «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы уәкілетті органға өтініш жолдай алады. Өтініш негізінде тиісті нысанның заңдылығына қатысты ақпарат беріліп, белгіленген тәртіппен қаралады. Қала аумағында заңсыз құрылыс нысандарын анықтау мақсатында мониторинг жұмыстары да жүргізіліп, анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданады, – дейді Дәурен Маратұлы.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қарқынды даму түзетулерді талап етеді