Бұқаралық спортқа қолайлы қала!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту, осы саланың инфрақұрылымын жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша Шымкент қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. 

Screenshot_18.png

Сол мақсатта мегаполистің Қайнарбұлақ және Нұрсәт шағынаудандарында ангар үлгісінде салынған екі модульді спорт залының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен марафон ұйымдастырылып, ой-өріс алаңына айналған үш бірдей Шахмат үйі пайдалануға берілді. 

Нысандардың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.

– Әр шағынауданның тұрғындары тұрақты жаттығып, денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік алуы маңызды. Біз спорт нысандарының қолжетімділігіне ерекше назар аудара отырып, қаланың спорт инфрақұрылымын дамытуды жалғастырамыз, – деді шаһар басшысы.

Модульді спорт залдарының құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Мұнда баскетбол, волейбол және шағын футбол ойнауға болады, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер және 50 көрерменге арналған орындар қарастырылған. Сонымен қатар, күн салқын мезгілде жаттығуға қолайлы болуы үшін жылыту жүйелері орнатылған.

Тұрғындарға үйіне жақын жерде дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік беретін жаңа спорт нысандары. Балалар мен жасөспірімдердің үйіне жақын жерде жаттығып, спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік беретін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып, мегаполиске сыйлық ретінде беріліп отыр. Бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететін орындар ата-аналар үшін де бос уақытын тиімді өткізіп, денсаулығын шыңдауына жасалған қолайлы жағдай. Бұған әсіресе Қайнарбұлақ тұрғын алабы тұрғындары қатты қуанды. Өйткені мұндағы жастар спортпен шұғылдануы үшін алысқа қатынап келген. 

Ризашылығын білдірген Қайнарбұлақ тұрғын алабының төбе биі Сегізбай Өскенбайұлының айтуынша, бұрын балалар мен жастардың жаттығу үшін алыстағы залдарға баруы ата-аналарды алаңдататын. Ал жаңа нысанның ашылуы жас ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуына жол ашып, ауыл өміріне серпін бермек.

Шымкентте спорт нысандарының қолжетімді болуы тек жаттығатын орындардың көбеюі емес, өскелең ұрпақтың денсаулығына, тәрбиесіне және болашағына салынған инвестиция. Спорт жасөспірімдерді тәртіпке, табандылыққа, жауапкершілікке үйретеді.

Презизидентіміз айтқандай, жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Енді спортпен айналысу әлдеқайда қолайлы бола түскен осы жаңа залдардан болашақ чемпиондар шығып, жас спортшылардың арманына жол ашылса, бұл жобаның ең үлкен жетістігі болмақ. Ең бастысы, спорт әр тұрғынға қолжетімді болып, салауатты өмір салты күнделікті дағдыға айналуға тиіс.

Мемлекет басшысы баса мән беріп отырған салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шаралар Шымкентте көптеп ұйымдастырылады. Өткен аптаның аяғында өткен «Бір қадам – бір мақсат» атты спорттық шарасы соның айғағы. Марафонға 500-ден астам қатысушы жиналып, денсаулықты нығайту мен белсенді өмір салтын ұстанудың маңызын көрсетті.

«Сайрам планета холдинг» жауапкершілігі шектеулі сертіктестігі мен Орта Азия жоғары медициналық колледжі бірлесіп ұйымдастырған шарада тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру және қоғамда денсаулыққа жауапкершілікпен қарау дәріптелді.

Негізгі идеясын айқын «Бір қадам – бір мақсат» марафоны – атауының әр қатысушының стартқа шығуы, жеке белсенділігі ортақ мақсатқа деген ұмтылыстың көрінісі. Марафон спортты кәсіби дайындықпен шектемей, оны күнделікті өмірдің маңызды бөлігіне айналдыруға шақырды.

– «Бір қадам – бір мақсат» жай ғана спорттық жарыс емес, қоғамда денсаулыққа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды бастама. Денсаулық сақтау саласының мамандарын даярлайтын оқу орны ретінде біз салауатты өмір салтын насихаттауды өз жұмысымыздың маңызды бөлігі деп санаймыз. Өйткені дені сау ұлт қалыптастыру медициналық көмекпен ғана шектелмейді, ол әр адамның өз денсаулығына саналы көзқарасынан, белсенді өмір салтын таңдауынан басталады. Бүгінгі марафонға қатысқан 500-ден астам адамның әрқайсысы осы ортақ мақсатқа өз үлесін қосты. Осындай игі бастамалар адамдарды біріктіріп қана қоймай, жастарға үлгі көрсетіп, қоғамда спорт пен денсаулық мәдениетінің орнығуына ықпал етеді. Біздің мақсатымыз білімді маман даярлаумен қатар, дені сау, жауапкершілігі жоғары қоғам қалыптастыруға үлес қосу, – дейді колледж құрылтайшысы Дилрабо Жалтаева.

26 демеуші қолдау көрсеткен марафонның негізгі ұстанымы «Жаңа Қазақстан – дені сау ұлтпен бірге!» деген ұранмен сабақтасты. Өйткені дені сау қоғам қалыптастыру спорттық іс-шаралар өткізумен ғана шектелмейді. Ол азаматтардың күнделікті әдетінен, өз денсаулығына деген жауапкершілігінен және белсенді өмір салтын таңдауынан басталатын міндет. Аталған шара шын мәнінде мегаполис тұрғындарын ортақ мақсат төңірегінде біріктіріп, бұқаралық спорттың қоғамдық маңызын айқындаған жоба салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі болды.

Салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен тұрақты түрде шұғылданатын дені сау ұлттың ойлау қабілеті де жоғары болады. Ал, шахмат – ақыл-ой өрісті дамытатын үстел спорт ойыны. Әлемдегі кең таралған ойындардың бірі саналатын шахмат бүгінде шымкенттіктердің де сүйікті ойынына айналған. Соның бір ғана дәлелі – кешегі аптада саябақтар мен гүлзарда пайдалануға берілген Шахмат үйлерінің ашылу салтанатына еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін жиналды. 

Жаңа нысандар Абай атындағы саябақта, Металлургтер саябағында және 17-шағынаудандағы жаяу жүргіншілер аллеясында орналасқан. Ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) президенті Тимур Турлов та қатысты.

Қала әкімі жаңа шахмат үйлерінің ашылуы тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, балалар мен жастардың ой-өрісін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

– Қаламызда шахматқа деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. 2024 жылы Орталық саябақта ардагерлер мен аға буын өкілдеріне арналған Шахмат үйі ашылған болатын. Бүгінде бұл игі бастама жалғасуда. Жаңа нысандар тұрғындарға бас қосуға, шахматпен тұрақты айналысуға және бос уақытын пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бұқаралық спортты дамытуға және дарынды спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлеміз, – деді Ғабит Сыздықбеков.

Абай атындағы саябақта орналасқан Шахмат үйі Шымкенттегі ең үлкен ой-өріс алаңы саналады. Оның аумағы 223 шаршы метрді құрайды. Осымен қатар ашылған жаңа екі павильонның әрқайсысының ауданы – 81 шаршы метр. Олардың бірінде жазғы терраса қарастырылған. Барлық нысан арнайы шахмат үстелдерімен жабдықталған.

Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) президенті шахмат инфрақұрылымының қолжетімді болуы болашақ чемпиондарды даярлау және шахмат қозғалысын одан әрі дамытуда маңызды екенін атап айтты.

– Шымкент турнирлер саны мен дарынды ойыншылардың, әсіресе балалар мен жастардың үлесі бойынша көшбасшы қалалардың қатарына сенімді түрде еніп келеді. Дегенмен, чемпиондар өздігінен қалыптаспайды. Үлкен спорт бұқаралық қызығушылық пен ойынға деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан бірден үш шахмат үйінің ашылуын маңызды қадам деп санаймын. Бұл нысандар қаланың қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, Шымкенттің Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші шахмат орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Тимур Турлов.

Нысандардың құрылысын Freedom Holding Corp. компаниясы «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы қаржыландырды. Құрылыс жұмыстарын «Орда-Строй Капитал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды. Енді Freedom Telecom пайдалануға берілген нысандарды интернет желісіне қосуды жоспарлап отыр.

Жаңа шахмат үйлерінің ашылуы Шымкентте осы спорт түрін дамытуға бағытталған көп жылдық жұмыстың жалғасы болды. Мегаполистің бай шахмат тарихы бар. Тамара Клинк, Ләззат Тәжиева, Гүлісхан Нахбаева және Ринат Жұмабаев секілді танымал спортшылардың есімдері қаланың атымен тығыз байланысты. Шымкент шахмат мектебінің өкілдері бірнеше рет ел чемпиондары атанып, халықаралық жарыстарда өнер көрсетті. Бүгінде бұл дәстүрлер балалар спортын дамыту және ірі жарыстар өткізу арқылы жалғасын тауып келеді. Шымкентте ірі халықаралық жарыстар да өткізіледі. 2024 жылы FIDE әйелдер арасындағы Гран-при кезеңі ұйымдастырылса, 2026 жылдың наурызында жүлде қоры 25 млн теңгені құрайтын KazChess Masters Nauryz халықаралық турнирі өтті.

Шахматтық білім беру саласы да дамып келеді. Тамыз айында 48 жергілікті педагог «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы бойынша оқудан өтті.

Үш шахмат үйінің ашылуы Шымкентте зияткерлік спортты дамыту бағытындағы жұмыстың жалғасына айналды. Жаңа алаңдар шахматпен айналысу мүмкіндігін кеңейтіп, әуесқой ойыншылар мен тәжірибелі спортшылардың басын қосады және осы спортқа қызығушылық танытатын қала тұрғындарының санын арттыруға ықпал етеді.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Бұқаралық спортқа қолайлы қала!