Шымкент – жастар жобаларының алаңы
Бір миллион үш жүз мыңнан асатын тұрақты тұрғыны бар еліміздің үшінші мегаполисінде жастардың саны төрт жүз елу мыңға жуықтайды.

Қазақстанның басты қалаларының бірі болған соң мұндай орталыққа көршілес, іргелес өңірдің жастарының да көптеп келетінін қоссаңыз, бұқара қатарын арттыра түсетін олардың үлесі статитискадағыдан да әлдеқайда көп болатыны сөзсіз. Ал, жастардың сапалы білім алып, еңбекке араласуына, өз қабілетін шыңдап, қоғамдық өмірге белсенді қатысуына мүмкіндік жасау – мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға сенім артып, ел болашағын – өркениетін қалыптастырудағы олардың рөліне айрықша мән беріп келеді. Бұл бағытта жастарға қажетті қолдау мен мүмкіндіктерді қолжетімді ету, олардың бастамаларына жол ашу маңызды. Шымкент қаласында осы мақсатта жұмыстардың жүйелі түрде жалғасуы Президент тапсырмаларының жүзеге асуы болса керек-ті.
Жастарды қолдаумен қатар олардың белсенділігін арттыру, іскерлігін шыңдау, ынталандыру мақсатында мегаполисте жүзеге асып жатқан жобалар аз емес. Енді аталған жобаларды бір ортаға топтастыратын жаңа платформа іске қосылмақ. Ол туралы Шымкент қаласының жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімов айтып берді. Өңірлік коммиуникациялар қызметі алаңында брифинг берген спикер тоғыз айда атқарылған жұмыстарын жариялады.
ZhasApp (ЖасApp) – қала жастарына арналған бірыңғай мобильді қосымша. Алдағы уақытта қолданысқа енгізу жоспарланған жаңа цифрлық платформа жастарға қажетті ақпаратты бір жерден алуға, жұмыс табуға, білімін жетілдіруге, түрлі жобаларға қатысуға және өзара байланыс орнатуға мүмкіндік бермек. Яғни, жастардың күнделікті сұранысына жауап беретін қызметтер мен мүмкіндіктер бір ортаға топтастырылмақ.
– Халқы 1 миллион 308,1 мың адамнан асқан шаһарымызда 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны – 428 мың 145. Бұл қала тұрғындарының шамамен 33 пайызын құрайды. Осы көрсеткіш Шымкенттің жас қала ретінде әлеуеті зор екенін аңғартады. Жастардың білім алуы, жұмысқа орналасуы, бос уақытын тиімді өткізуі мен қоғамдық бастамаларға араласуы қала өміріне тән құбылыс. Сондықтан олардың сұранысына сай қызметтерді қолжетімді ету және ақпарат алу жолдарын жеңілдету өзекті. Осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған ЖасApp қосымшасы бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Мәселен, «Жасыл Ел» еңбек жасақтарына қабылдау мен өтінім беру үдерісін мобильді қосымша арқылы ұйымдастыру көзделіп отыр. Жастар маусымдық жұмысқа қажетті құжаттарын онлайн тапсырып, өтінімдерінің мәртебесі туралы push-хабарлама арқылы ақпарат ала алады. Сонымен қатар платформада жастарға арналған бос жұмыс орындары, икемді жұмыс кестесі бар ұсыныстар және «Жастар практикасы» секілді бағдарламалар туралы мәліметтер орналастырылмақ. Бұл, әсіресе, еңбек жолын енді бастаған, тәжірибесі жоқ немесе оқумен қатар жұмыс істеуді көздейтін жастар үшін қолайлы мүмкіндік болмақ. Білім мен кәсіби дамуға да басымдық беріледі. Қосымша арқылы Жастар ресурстық орталығы ұсынатын тегін курстар туралы ақпарат алып, өзіне ыңғайлы уақытты таңдап, тіркелу мүмкіндігі қарастырылады. Бұдан бөлек, қалада өтетін мәдени, спорттық және еріктілік іс-шаралардың афишасы жарияланып, жастардың қызығушылықтарына сәйкес қауымдастықтарға қосылуына жағдай жасалады. Серіктес ұйымдар мен кәсіпкерлік нысандардан арнайы жеңілдіктер ұсыну мүмкіндігі де қарастырылып отыр, – дейді Әкімжан Анарбайұлы.
Спикердің сөзіне сүйенсек, ЖасApp тек ақпарат тарататын қосымша емес, жастар мен қаладағы түрлі мүмкіндіктердің арасын байланыстыратын цифрлық алаңға айналуды көздейді. Оның басты мақсаты – жастардың уақытын үнемдеп, қажетті қызметтерге қол жеткізуін жеңілдету.
Бүгінде Шымкент қаласында 9 жоғары оқу орны мен 35 орта арнаулы оқу орны жұмыс істейді. Жоғары оқу орындарында 112 мыңнан астам студент білім алса, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттер саны 50 мыңға жуқтайды. Жоғары оқу орындарында оқитын шетелдік студенттердің саны – 4117. Қаладағы жоғары оқу орындарында жалпы сыйымдылығы 11 мың 182 орын болатын 33 жатақхана бар. Басқарма басшысы келтірген деректер рас болса, қалада студенттерді жатақханамен қамтуда орын тапшылығы жоқ.
Студенттердің білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың қоғамдық ортаға белсенді араласуына ықпал ететін жобалар да жүзеге асырылуда. Соның бірі – «STUDENT CONNECTION» жобасы. Жоба аясында «Цифрлы Қазақстан» бағыты бойынша «Qara Quiz» интеллектуалды сайысы ұйымдастырылды. Білім мен тапқырлықты ұштастырған жарысқа 200-ге жуық команда қатысып, мыңнан астам жас қамтылған.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын жүзеге асыруда белсенді жастардың үлесі үлкен. Тазалыққа тәрбилетйтін, бастайтын жастар саясатының тағы бір маңызды бағыты осы – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған қалаға деген жауапкершілікті арттыру. Бұл ьағытта мегапоисте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясымен сабақтас «Таза Шым» халықтық бастамасы қолға алынған. Биыл осы уақытқа дейін өткізілген тазалық акцияларына 22 жарым мыңнан астам жас қатысып, нәтижесінде 33 тонна қоқыс шығарылды.
– Экологиялық жұмыс тек аумақтарды тазалаумен шектелген жоқ. Жастар арасында ғылыми конференциялар, қоқысты сұрыптауға арналған семинар-тренингтер мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, экологиялық сауаттылықты арттыруға көңіл бөлінді. Сондай-ақ қаладағы 35 мәдени ескерткіштің аумағында танымдық және тазалық жұмыстары жүргізілді. 19 қыркүйекте Дүниежүзілік тазалық күніне орай қала әкімінің қатысуымен және мың белсенді жастың атсалысуымен қаланың бес ауданында тазалық шаралары ұйымдастырылды. Мұндай жұмыстар жастарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға, қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстауға және қаланың тазалығына ортақ жауапкершілікпен қарауға үндейді. Өйткені тазалық мәдениеті бір күндік акциямен емес, күнделікті дағды мен азаматтық ұстаным арқылы қалыптасады, – дейді басқарма басшысы.
Халықаралық волонтерлер жылы ретінде жариялануына байланысты Шымкентте еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған шаралар да кеңінен ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері осы бағытта 170 іс-шара өткізілген. Еріктілер ұйымдарының өзара байланысын нығайту мақсатында екі күндік Жазғы мектеп өткізіліп, оған 25 ұйымның көшбасшылары мен 150-ге жуық белсенді жас қатысып, тренингтерге, тәжірибе алмасу кездесулеріне, командалық жұмыстарға және танымдық іс-шараларға қатысты. Жоба еріктілердің ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіріп, ортақ бастамаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастығын арттыруды көздейді.
