Білім беру оқытумен ғана шектелмейді

Шымкентте Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен білім беру ресурстарын тиімді пайдалануға арналған өңіраралық тәжірибелік семинар-кеңес өтті. 

Screenshot_4.png

Қосымша білім беруде бірыңғай мемлекеттік тапсырысты іске асыру тәжірибесін таратуға арналған республикалық жиында қаржылық тәртіпті жетілдіру және цифрлық бақылау тетіктерін дамыту мәселелері талқыланды.

Семинарға еліміздің 11 өңірі әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдар мен «Қазақтелеком», «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамдарының өкілдері, сондай-ақ, білім беру, экономика, цифрландыру, спорт және мәдениет салаларының басшылары мен мамандары қатысты. Жиында бюджет қаражатын ұтымды пайдалану, білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік тапсырысты бақылау мәселелері қаралды.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, саланың тұрақты дамуы үшін қаржыландыру көлемімен қатар, қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен басқарушылық шешімдердің нәтижелілігіне де басымдық берілуі керек. Сәрсен Абайұлы білім беру жүйесін дамытуда қолда бар ресурстарды тиімді басқарудың маңызына тоқталды.

– Білім беру жүйесін дамытуда ең алдымен қолда бар мүмкіндіктерді дұрыс бағалап, ресурстарды нақты қажеттілікке қарай бағыттау маңызды. Бұл ретте қаржылық тәртіпті күшейтіп қана қоймай, жоспарлау мен бақылау жұмыстарын жетілдіру қажет. Әр басқарушылық шешім нақты нәтижеге негізделіп, балалардың сапалы әрі қолжетімді білім алуына ықпал етуі тиіс, – деді шаһар басшысының орынбасары.

Шаһарда білім беру саласын жетілдірудің негізгі бағыттарының бірі – ресурстар тапшылығы жағдайында қолданыстағы инфрақұрылымның мүмкіндігін барынша тиімді пайдалану. Бұл бағытта білім беру ұйымдарының қажеттіліктерін жүйелі бағалау, қаржыландыруды жоспарлау және бөлінген қаражаттың нәтижесін бақылау маңызды. Семинар барысында цифрлық бақылау құралдарын енгізу мәселесі де кеңінен сөз болды. Нысаналы индикаторларға қол жеткізу үшін атқарылған жұмыстың көлемін ғана емес, оның сапалық көрсеткіштерін де ескеру қажет.

Шымкент қаласында қосымша білім беруге арналған бірыңғай мемлекеттік тапсырыстың пилоттық жобасы аясында балалар туралы қайталанатын жазбаларды жою, қызмет көрсетілгенін растау және қаржыландыруды нақты қызмет алушымен байланыстыру тетіктері енгізілген. Сонымен қатар, мемлекеттік мектептердің бос қуаттарын пайдалану арқылы балаларды қосымша біліммен қамтуды кеңейту жолдары қарастырылды.

Білім берумен қатар, жастардың болашағына әсер ететін маңызды шешімдердің бірі – мамандықты дұрыс таңдау. Бұл таңдауға тек ҰБТ нәтижесі, грант саны немесе ата-ананың қалауы ғана емес, оқушының жеке қабілеті, қызығушылығы мен кәсіби бейімділігі де негіз болуы керек. Осы мақсатта Шымкентте NEET санатындағы жастарды қолдау және жұмыссыздықты азайтуға бағытталған «Кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу» жобасы аясында бітіруші сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру іс-шарасы өтті. 

Іс-шараның негізгі мақсаты – жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесу, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларымен таныстыру және еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді дұрыс бағалауға бағыт беру. Кездесуге қаладағы 13 мектептің бітіруші түлектері қатысып, Шымкенттегі тоғыз жоғары оқу орнының өкілдерімен жүздесті. Сонымен қатар кәсіби бағдар беруші мамандар оқушыларға жеке қабілеттерін анықтау, мамандық таңдаудағы басымдықтарын айқындау және грант конкурсына дайындалу жөнінде кеңес берді. 

Қалада 2025-2026 оқу жылында 16 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Олардың 763-і «Алтын белгі» иегері болса, 1158-і үздік аттестат алды. Бітірушілердің 64,1 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Бұл көрсеткіштер мектеп бітірушілердің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі жоғары білім алу мүмкіндігін тиімді пайдаланып, болашақ кәсібін дұрыс таңдау екенін аңғартады. 

– Осындай көрсеткіштерді ескере отырып, біз бітіруші жастарға жол көрсету алаңын ұйымдастырып отырмыз. Қаламыздағы тоғыз жоғары оқу орнының мамандарын шақырып, олардың қандай білім беру бағдарламаларын ұсынатыны, қандай мамандықтар бойынша оқуға болатыны және талапкерлер үшін қандай мүмкіндіктер бар екені туралы ақпарат беруді көздедік. Ашық алаңда оқушылар университет өкілдерімен тікелей кездесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алады. Сонымен бірге кәсіби бағдар беруші мамандардың көмегімен өз қабілеттері мен қызығушылықтарын саралап, болашақ мамандығына қатысты бағыт-бағдар алады. Біз үшін тағы бір маңызды мәселе, грантқа түсу мүмкіндіктерін түсіндіру. Осы мақсатта ҰБТ нәтижесіне қарай талапкердің қандай жоғары оқу орындары мен білім беру бағдарламаларын таңдай алатынын анықтауға көмектесетін мамандарды да шақырдық. Яғни, оқушы бір жағынан өзінің кәсіби бейімділігін анықтаса, екінші жағынан жинаған балына сәйкес қандай мүмкіндіктері бар екенін біле алады, – дейді Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман. 

Жансерік Жұманның айтуынша, бұл іс-шара талапкерлерге мамандықтар тізімін таныстырумен ғана шектелмейді. Оқушыларға жоғары оқу орындары туралы ақпарат берумен қатар, олардың кәсіби таңдауына қатысты бірнеше мәселені бірге қамтиды. Өйткені ең алдымен оқушы өзінің кім екенін, неге қабілетті екенін түсініп, содан кейін сол қабілетін жүзеге асыра алатын білім беру бағытын таңдауы маңызды. 

Кәсіби бағдар беруші Ақан Беспаев бүгінгі таңда жастардың мамандық таңдау мәселесі қоғам үшін маңызды тақырыптардың біріне айналғанын айтады. Өйткені кейбір оқушылар өздерінің қабілеті мен қызығушылығына сәйкес келмейтін мамандықтарды таңдап, кейін сол бағытта жұмыс істеуде қиындықтарға тап болады. Мұндай жағдайда мәселе тек мамандық таңдаудағы қателікпен шектелмейді. Ол адамның бірнеше жылдық білім алуына, кәсіби қалыптасуына және болашақ еңбек жолына тікелей әсер етеді. Жас маман жоғары оқу орнын тәмамдағанымен, таңдаған саласында жұмыс істегісі келмеуі немесе кәсіби тұрғыда өзін таба алмауы мүмкін.

– Жалпы кәсіби бағдар беру мен мамандық таңдау қазір өте маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Қаламызда ғана емес, еліміз бойынша да оқушылардың болашақ кәсібін қалай таңдайтыны жиі көтеріліп жүр. Кейде жастар мамандықты өзінің қабілетіне сәйкес таңдамай, басқа факторлардың ықпалымен шешім қабылдайды. Соның салдарынан университетті бітіргенімен, алған дипломы бойынша жұмыс істей алмайтын немесе өз саласында өзін таба алмайтын жастар кездеседі. Бүгінгі іс-шараның негізгі мәні де осында. Біз болашақта өз ісін білетін, таңдаған кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын сапалы мамандардың қалыптасуына ықпал еткіміз келеді. Қазір оқушылар ҰБТ-ға дайындалады, грантқа түсуге тырысады, жоғары оқу орнын таңдауға күш салады. Бірақ осының бәрінің арасында кейде ең маңызды сұрақ ескерусіз қалып жатады. Ол «Мен қай жерде мықтымын? Менің қолымнан қандай жұмыс жақсы келеді?» деген сұрақ. Көптеген оқушы мамандықты ата-анасының ықпалымен таңдайтынын айтады. Енді бірі әлеуметтік желілерде танымал болған кәсіптерге қызығады. Кейбірі гранты көп бағытты таңдап, сол мамандықтың өзіне қаншалықты сәйкес келетінін терең ойланбайды. Ал біздің міндетіміз әр оқушының бойындағы қабілетті ашуға, өзін тануына және соған сәйкес шешім қабылдауына көмектесу, – дейді Ақан Беспаев.

Әрбір жастың бойында белгілі бір қабілет пен дарын бар. Алайда оны байқау үшін оқушының өзіне уақыт бөліп, қызығушылығын зерттеп, мүмкіндіктерін бағалауы қажет. Сондықтан оның ең алдымен өзін тануы маңызды. Өзінің неге қызығатынын, қандай іспен айналысқанда уақыттың қалай өткенін байқамай қалатынын, қандай жұмысты ықыласпен орындайтынын түсінуге тырысуы қажет. Бұл сұрақтарға бірден жауап табылмауы мүмкін. Бірақ өзін зерттеуге деген қызығушылық пен ізденіс болса, көптеген мәселенің шешімін табуға болады. 

Қазір қабілетті анықтауға көмектесетін түрлі әдістер бар. Арнайы зерттеулерден өткен психометриялық тесттер мен сауалнамалар адамның бейімділігін саралауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқушымен жеке кеңес өткізу, ата-анасымен және мұғалімімен сөйлесу арқылы да оның қызығушылығы мен ерекшеліктерін тереңірек түсінуге болады. Ең бастысы – баланың орнына шешім қабылдамай, оның өз мүмкіндігін танып, дұрыс таңдау жасауына жағдай жасау.

Кейбір ата-аналар баласының жалақысы жоғары салаға түскенін қаласа, енді бірі болашақта сұранысы азаюы мүмкін мамандықтардан сақтандыруға тырысады. Алайда кез келген саланың дамуы мен ондағы мүмкіндіктер адамның сол кәсіпті қаншалықты меңгергеніне де байланысты. Ақан Беспаев бұл мәселені мамандықтың атауынан гөрі, оны игерген адамның кәсіби деңгейімен байланыстырады.

– Ата-аналардан «Балам қай мамандыққа түссе, көп ақша табады?» немесе «Қай мамандық жойылып кетуі мүмкін?» деген сұрақтарды жиі естиміз. Әрине, еңбек нарығындағы сұранысты, болашақтағы өзгерістерді ескеру керек. Бірақ мамандық таңдауды тек жалақыға немесе грант санына қарап шешуге болмайды. Менің ойымша, мәселе университетке түсу немесе диплом алу ғана емес. Ең маңыздысы сол мамандықты меңгеріп, кейін өз саласында жұмыс істеп, кәсіби маманға айналу. Сондықтан «Қай мамандықта ақша көп?» деген сұрақпен қатар «Мен осы мамандықта жақсы маман бола аламын ба?», «Бұл жұмыс маған қызық па?», «Осы салада ұзақ уақыт еңбек етуге дайынмын ба?» деген сұрақтарды да қою керек. Өйткені адамның мансабы мамандық таңдауынан басталады, ал оның кәсіби қалыптасуы сол таңдаған ісіне деген ынтасы мен ізденісіне байланысты, – дейді ол.

Кәсіби бағдар беру, жастарға жол сілтеу бір реттік кездесу емес, олардың болашағын саналы жоспарлауына көмектесетін жүйелі жұмыс болуы керек. Әсіресе жастарды жұмыспен қамту және NEET санатындағы жастардың санын азайту бағытында адамның білімі мен қабілетін нақты еңбек мүмкіндіктерімен ұштастыру маңызды. Адамның өз орнын табуына, қабілетін іске асыруына және қоғамға пайдалы маман болып қалыптасуына бастайтын жол. 

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Білім беру оқытумен ғана шектелмейді