Сапалы медицина – қолжетімді қызмет

Ауруды кеш сатыларында жеңуден гөрі алдын алу оңай. Осы ақиқатты Шымкенттегі онкологиялық орталығы бар қалалық көпбейінді аурухана дәрігерлері күнделікті дәлелдеп келеді.

Screenshot_17.png

Дегенмен, қаладағы қазіргі өмір ырғағы, кезектер және белгісіз нәрседен қорқу әдетте адамдарды дәрігерге соңғы сәтке дейін бармауға мәжбүр етеді. Онкоорталықта денсаулығын сақтауға, онкофобиядан арылуға, уақытты үнемдеуге және организмді ыңғайлы жағдайда тексеруге ұмтылатын адамдарға қалай көмектесетінін 18 жылдық тәжірибесі бар онколог-дәрігер, чек-ап кабинетіндегі жауапты маман Феруза Датқаева айтып берді.

– Онкологтар әрдайым ауруды жеңу ең ерте кезеңде оңай болатынын айтып отырады. Шымкенттегі онкологиялық орталықта ақылы чек-ап қызметін ұсынатын арнайы бөлім жұмыс істейтінінен хабардармыз. Мұндай қызметті ашу идеясы қалай пайда болды және ол алдын ала әрекет етуді қалайтын тұрғындарға қалай көмектеседі?

– Біздің қызметті құру идеясы орталықтың директоры Талғат Аманжолұлы Құрмановқа тиесілі. Жобаның негізгі мақсаты – онкологиялық ауруларды ең ерте кезеңдерде анықтау, осындай озық диагноз қоюды Шымкент тұрғындары үшін де, барлық қазақстандықтар үшін де барынша қолжетімді ету. Өйткені онкопатологиялардың басты қиындықтары бастапқы, емделетін кезеңдерінде белгілері байқала бермейді. Адамның еш жері ауырмайды, өзін мүлдем сау сезінеді. Көптеген онкологиялық аурулар алғашқы кезеңдерде симптомсыз өтуі мүмкін. Бірақ, солай екен деп шағымдардың пайда болғанын күтіп отыра беруге болмайды, алдын ала әрекет ету керек.

Қалыпты жағдайда терапевт арқылы мамандандырылған маманға жолдамамен бару ары-бері сандалтуы мүмкін. Талон алып, кезек күту де де керек. Ал мегаполистің ырғағында адамдардың уақыты жоқ, тапшы. Сондықтан біз диагностиканы мүмкіндігінше жылдам әрі қолжетімді етіп, оны тоғыз ыңғайлы тақырыптық пакетке бөлдік.

Енді әркім өзіне алаңдататын мәселе бойынша қалаған дәрігеріне қарала алады: бөлек гинекологиялық, маммологиялық, урологиялық немесе дерматологиялық тексеруден өту, өкпені тексеру немесе ауыр тұқым қуалайтын аурулар үшін тексерілу. Дегенмен бұл жобаның коммерциялық мақсаты жоқ – біздің кешенді тексерулердің бағасы өте қолжетімді және ірі мегаполистердегі жеке клиникаларға қарағанда әлдеқайда төмен. Негізгі профилі бойынша біздің онкоорталық диагнозы расталған науқастарды немесе онкологиялық үрдіске күдік бар бағыттар бойынша пациенттерді тегін қабылдайды.

Ең бастысы – кез келген тұрғынға бір күнде барлық анализдерді тапсырып, сараптамалық тексеруден өтіп, дәрігердің ұсыныстарын алу мүмкіндігін беру. Өйткені, болашақта қиын сатыны емдеуге қарағанда, қауіп-қатерді уақытында болдырмау немесе ауруды бастапқы кезеңде анықтау әлдеқайда жақсы.

– Жаңа қызмет аясында қандай пакеттер мен тексеру түрлері қолжетімді? Ерлер мен әйелдерге арналған базалық және кеңейтілген чек-ап бағдарламаларына не кіреді?

– Әр пациент артық тексерістерден өтпей-ақ өзіне нақты қажеттіні таңдап тексеріле алуы үшін біз тоғыз түрлі пакет жасадық. Бұл өте ыңғайлы. Біздің арнайы бағыттарымыз бар: гинекологиялық, маммологиялық, урологиялық, дерматологиялық чек-аптар, темекі шегетіндерге арналған пакеттер, сонымен қатар кардиобағдарлама. Мысалы, адамның науқас қалдары бар болса немесе ол зақымданған немесе өзгеруі мүмкін деп қорықса, ол үшін бөлек дерматологиялық пакет бар. Ер адамдар урологиялық саулығын нақты тексерте алады. Ал әйелдердің сүт бездері мен гинекология бойынша тексеруден өтулеріне мүмкіндіктер жасалған.

Кешенді бағдарламаларға келетін болсақ, олар барлық детальдарға дейін ойластырылған. Таңертең пациент ашқарын келсе, біз екі-үш сағат ішінде толық кешенді тексеруден өткіземіз. Кеңейтілген бағдарламаларда зертханалық, ультрадыбыстық, эндоскопиялық және аспаптық зерттеулердің кең спектрі қарастырылған. Кешенді тексерулердің көлемі бағдарламамен және медициналық көрсеткіштер бойынша науқастың жасына және қауіп факторларына сәйкес анықталып нақтыланады. Сол сияқты ерлерге арналған кешенді бағдарламалар да мұқият ойластырылған – міндетті УДЗ (соның ішінде трансректальді простата зерттеуі), онкохирург және онкоуролог консультациялары қарастырылған.

– Орталықтағы диагностиканың негізгі құндылығы мен бірегейлігі неде? Қай заманауи сараптамалық жабдық ауруларды ең ерте, симптомсыз кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, және ол жалпы емханалардағы скринингтен несімен ерекшеленеді?

– Біздің орталықтың басты құндылығы – қуатты сарапшылық база, жоғары классты жабдық және мол тәжірибесі бар бейінді мамандардың үйлесімі. Біздің артықшылығымыз мемлекеттік скрининг бағдарламаларын алмастыруда емес, оларды арнайы онкологиялық орталықта терең зерттеумен толықтыра алу мүмкіндігінде. Мұнда диагностиканы күн сайын онкологиялық аурулармен жұмыс істейтін және жоғары онкологиялық сақтыққа ие мамандар жүргізеді.

Сонымен қатар, соңғы айларда біз сараптамалық деңгейдегі жаңа диагностикалық жүйелерді енгізу арқасында әлеуетімізді айтарлықтай күшейттік. Бүгінгі таңда біздің қолымызда – General Electric компаниясының заманауи 128 кесінділі Revolution Maxima компьютерлік томографы және 1,5 Тесла қуатты Philips MR 5300 магнитті-резонанстық томографы бар.

128 кесінділі Revolution Maxima компьютерлік томографы жоғары сапалы бейнелемені қамтамасыз етеді және заманауи сәулелік жүктемені оңтайландыру протоколдарын қолдана отырып зерттеулерді тез жасауға мүмкіндік береді. Ал біздің МРТ аппаратымыз гельсіз, бұл қалада осындай алдыңғы қатарлы техниканы енгізудің алғашқы тәжірибесі, ол жұмсақ тіндерді жоғары сапалы бейнелеуді қамтамасыз етеді және мамандардың диагностикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Маңыздысы – томограф 227 келіге дейінгі салмақты көтере алады, бұл тәуекел топтарындағы науқастарға сапалы диагноз қоюға мүмкіндік береді.

Барлық диагностика «бір күндік» қағида бойынша ұйымдастырылған: пациент лабораториялық талдаулар мен аспаптық зерттеулерден бастап профильді онкологтың сараптамалық қорытындысына дейін толық циклдан өтеді. Бұл адамды әр түрлі мекемеге бару қажеттіліктерінен арылтып, кезектерде апталарды өткізуге және белгісіздікте өмір сүруге мәжбүрлемей, уаұыт үнемдеуге көмектеседі. Біз нәтижені және әрекет алгоритмін бірден береміз.

– Кешенді тексеруден өтуге қанша уақыт кетеді және адам дайын нәтижелер мен дәрігердің қорытындысын қаншалықты тез ала алады?

– Барлық кешенді тексеру адамға мүмкіндігінше ыңғайлы етіп ұйымдастырылған, оның уақытын үнемдеу үшін. Адам таңертең ашқарында келеді және біз тек 2-3 сағат ішінде барлық циклды толық өткіземіз: барлық талдауларды аламыз (биохимия, жалпы қан және несеп талдауы, коагулограмма, қажет болған барлық онкомаркерлер) және тағайындалған құралдық зерттеулерден өтеміз. Барлық кезеңдерде пациентті міндетті түрде біздің медбикеміз жол көрсетіп, кабинетке өздігінен жүру немесе кезекте тұру қажеттілігінен босатады. 

Түстен кейін барлық талдаулар мен зерттеулердің нәтижелері дайын болғанда профильдік мамандар – онкомаммологтар, онкоурологтар, онкогинекологтар – мәліметтерді зерделеп, өз қорытындыларын, шешімдерін және толық ұсыныстарын береді. Яғни, пациент барлық тексеруге бір күнін арнайды: таңертең келіп, кешке дайын жауаптары барлық нәтижелерін алып қайтады.

– Көп адамдар әлі де психологиялық кедергілерге тап болып, расталмаған диагнозсыз өзінің бастамасымен онкоорталықтың табалдырығын аттауға қорқып жүр. Сіз бұл стереотиппен орталықтың сау адамдар үшін де ашық екенін көрсетіп қалай жұмыс істейсіз? 

– Қорқынышты жеңіп, адамды мәжбүрлеп келтіре алмайсың. Әркім өзі келуі керек. Біздің міндетіміз басқа: адамдарға қарапайым шындықты жеткізу. Басты нәрсені түсіну маңызды: денсаулық – денсаулық сақтау жүйесінің ғана емес, адамның өз жауапкершілігі, жалпы міндеті! Мемлекет скрининг және алдын алу тексеру бағдарламаларын ұсынады, бірақ адамдардың өздері уақытылы пайдалануы және дәрігерге баруды кейінге қалдырмауы өте маңызды. Егер сізде уайым болса, тұқымқуалайтын онкологиялық жағдайлар болса немесе жай ғана кейбір белгілер мазаласа, ештеңені жасырмай дәрігерге келіп қаралып, уақытында тексеруден өту керек.

Денсаулық – баға жетпес қымбат ресурс. Қауіп-қатерлерді уақытында анықтау үшін жоспарлы тексеруге қаражат жұмсаған жақсы, кейін жоғалтқан уақытыңызға өкініп бармақ шайнағаннан гөрі. Біз поликлиникалардағы кураторларымызбен бірге жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, халыққа түсіндіруге тырысамыз. Дәрігерге барудан қорқудың қажеті жоқ. Қорқатын нәрсе – кейін күресу қиынырақ болатын асқынған кезең. Біздің орталық ашық және әрқашан өзіне қамқорлық жасау мен өмірді алдын ала ойлап таңдаған әрбір тұрғынға көмектесуге дайынбыз.

– Дүниежүзілік тәжірибеде тұрақты тексерістер мәдениеті өмірдің қалыпты бөлігіне айналды. Ал біздің мегаполистің тұрғындарының саналы болуы қалай жүзеге асады – адамдар дәрігерге өз еркімен, «өзі үшін» жиі бара ма? 

– Қазіргі кезде өздерінің инициативаларымен келетін пациенттердің ағымы әлі соншалықты үлкен емес. Бұған ақпараттық жеткіліксіздік те, қызмет ақылы болып табылатыны да әсер етеді. «Өзі үшін» келетіндер негізінен біздің қызмет туралы тараған ақпарат арқылы естігендер, таныстарынан білгендер немесе әлеуметтік желілерде кездейсоқ көргендер.

Адамдар жай ғана шешім қабылдап, төлем жасап, сол күні толық тексеруден өтіп, күмәндерін жояды. Аз болса да, өз еркімен келген пациенттер арасында біз ерте сатыдағы онкологиялық ауруларын анықтағандар да бар. Бұл біздің қызметтің тиімді жұмыс істейтінін және мәселе әлі өзін көрсетпей тұрғанда оны анықтауға көмектесетінін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Сана-сезімді арттыру үшін бәрімізге әлі де жұмыс істеу керек. Емханалар мен біздің кураторлар ағартушылық жұмыстар жүргізеді, халықты скринингтер мен профилактикалық тексерулерге тартады, бірақ жүз пайыз қамтуды қамтамасыз ету әлі қиын. Өзіңе қамқорлық мәдениетін дамыту қажет. Әркім түсінуі керек: тұрақты тексеру – формальдылық емес, денсаулық пен өмірді сақтау жолындағы ең сенімді тәсіл.

– Статистикаға сүйенсек, ауруларды ерте кезеңде анықтау болжамдарды түбегейлі өзгертеді. Бүгінде Шымкентте ерте анықтау бойынша қандай көрсеткіштерге қол жеткізіледі және дәл осы процесте профилактикалық тексерулер қандай рөл атқарады?

– Кез келген ауқымды, құрғақ статистикалық цифрлар туралы айту әлі ерте, өйткені біздің ақылы тексеру қызметіміз салыстырмалы түрде жақында – шілде айынан ғана басталды. Бірақ ең бастысы және мәндісі басқа: пациенттер ағыны аз болуына қарамастан, біз нақты нәтижелерді көріп отырмыз.

Адамдар өзін мүлде сау сезінгенімен «өздерін тексеру үшін ғана» келеді. Соның нәтижесінде бастапқы кезеңде ешқандай байқатпаған ауруды уақытында анықтау мүмкіндігін алады. Мұнда алдын алу тексерулері негізгі рөл атқарады. Егер шағымдар мен симптомдардың пайда болуын күтіп отырсақ, адам дәрігерге аурудың соңғы сатысында ғана келеді. Сол кезде күресу әлдеқайда қиын болады. Осындай нақты анықтаулар қызметтің босқа жұмыс істемейтінін дәлелдейді және дәл алдын ала диагностиканың денсаулық сақтау жүйеміздің болашағы екенін көрсетеді.

– «Уақыт және қаражатты жоспарлы тексеруге арнаған дүрыс па?» деп әлі де күмәнданатындарға не айтасыз? Орталықтың Шымкентте осы алдын алу мәдениетін дамыту жолындағы жоспарлары қандай? 

– Күмәнданушыларға ең бастысын айтқым келеді: денсаулықтан қымбат ештеңе жоқ. Әрине, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өзінің тұрылықты жері бойынша тіркелген емханасында негізгі тексерулерден мүлде тегін өте алады. Бірақ егер адам уақытын үнемдеп, бәрін тез, бір жерде, сарапшы деңгейіндегі жабдықта өткізгісі келсе, ақылы чекап – бұл өз қауіпсіздігіне салынған инвестиция.

Денсаулығыңызға сенімді болу үшін алдын ала тексеруден өту кейін ауыр емдеуге көп күш пен қаражат жұмсаудан әлдеқайда жақсы. Қорқудың да қажеті жоқ және келуді кейінге қалдырмау керек. Сонымен қатар, тағы бір рет айта кетейін: біздің мақсатымыз – бар мемлекеттік скринингтер мен алдын алу бағдарламаларын алмастыру емес. Біз адамға қосымша мүмкіндік бергіміз келеді: егер ол жылдам, бір жерде және онкологиялық профильдегі мамандардың бақылауымен тереңірек тексеруден өткісі келсе, бұл мүмкіндік бүгін Шымкентте бар. Ең маңыздысы – айқын белгілердің пайда болуын күтпеу және тексерулерден қорықпау. Мәселе қаншалықты ерте анықталса, заманауи медицинада адамға көмек көрсету мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Аида Өтеп

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Сапалы медицина – қолжетімді қызмет