Шымкенттіктер ұзақ өмір сүреді
Шымкент түрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы республикалық көрсеткіштен асып түсті. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков 9 айдағы атқарылған жұмыстар қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында айтты.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтың төрағалық еткен жиында Денсаулық сақтау басқармасының есепті кезеңдегі жұмысы, медициналық қызметтер көрсету мен дәрілік заттардың айналымын бақылау, санитариялық-эпидемиологиялық ахуал және иммунопрофилактика, сондай-ақ, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметінің қорытындылары талқыланды. Алқа отырысына мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың басшылары, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің өкілдері, сондай-ақ Денсаулық сақтау басқармасының мамандары қатысты.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалыбековтың баяндауынша, тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 77,2 жасты құрап, республикалық көрсеткіштен жоғары болды. Қан айналымы жүйесі ауруларынан, қатерлі ісіктерден және жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім көрсеткіштері төмендеді.
Халыққа сапалы шұғыл көмек көрсету мақсатында жедел жәрдем қызметіне 2025-2026 жылдары 65 арнайы автокөлік алынып, жедел жәрдем көліктері 54,2 пайызға жаңарды. Жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 240 бейнежетон қызметке қосылды.
Шымкент қаласында 2026 жылғы 30-31 наурыз күндері «ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығының күндері» өткізілді. Қала тұрғындарына заманауи медициналық көмек көрсетуге бағытталған іс-шара аясында №2 қалалық ауруханасында эпилептолог тарапынан – 14, онколог тарапынан 8 пациентке консультациялар берілді. Дәрігерлер мен орта буынды медициналық қызметкерлерге госпитальды фармация, нейрореабилитация, онкология тақырыптарында 7 презентация ұсынылды. Онкологиялық орталығы бар қалалық көпбейінді ауруханада онколог тарапынан 5 пациентке консультация жүргізілді. Дәрігерлерге дәрістер оқытылып, 112-ден астам онколог қатысты. №1 қалалық клиникалық ауруханасыында дәрігерлер гинекология және эндоскопия саласындағы хирургиялық әдістерді, соның ішінде промонтофиксация, гистерорезектоскопия, сондай-ақ эндоскопиялық араласуларды таныстырды.
Үш тоқсанда жоғары технологиялық медициналық көмек аясында барлығы 429 ота жасалды. №1 қалалық клиникалық ауруханасында 256-ші бүйрек транплантациясы сәтті жүргізілді. Ал, онкологиялық орталығы бар қалалық көпбейінді ауруханасында алғаш рет кеңірдек бифуркациясын резекциялау және жаңа бифуркация қалыптастыру отасы сәтті жасалды. Сондай-ақ, аталған ауруханада алғаш рет 2 науқасқа лапароскопиялық панкреатодуоденальды операция және сүйек кемігін трансплантациялау жүргізілді.
Заманауи аз инвазивті емдеу әдістері енгізіліп, жыл сайын 10-нан астам елдің мамандары қатысатын халықаралық шеберлік сабақтарын өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, бүйрек ісігін емдеуде криоабляция әдісі алғаш рет қолданылып, 8 науқасқа аз инвазивті ем жүргізілді.
4 тері арқылы коронарлық араласу орталығы ашылды, оның екеуі Жүрек орталығында болса, біреуі «Хадиша», енді біреуі «Кардиомед» клиникасында іске қосылды. Сонымен бірге Шымкентте 14 құзіреттілік орталығы ашылды.
Биыл 4 медициналық ұйымда «Госпитальдық фармация» бөлімшелері ашылып, бұл бағытта қалада қызмет көрсететін емдеу мекемелерінің жалпы саны 12-ге жетті. Екі медициналық ұйымға – Қалалық балалар клиникалық ауруханасы мен Онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханаға заманауи компьютерлік томография (КТ) аппараты сатып алынып орнатылып, ел игілігі үшін іске қосылды. Шымкенттегі 91 медициналық ұйымның 66-сы Ұлттық аккредиттеуден 66 өтті.
Қалалық перзентханада «Бір күндік клиника», «Неонаталды хирургия», Қалалық клиникалық балалар ауруханасында «Балалар кардиохирургиясы» ашылды. 16 мектепте стоматологиялық кабинет ашылып, жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Медициналық ұйымдарда бірқатар цифрлық жобалар енгізіліп, нақты нәтижелер көрсетуде. Атап айтқанда, Яндекс карталарын қолдану арқылы пациентке жедел жәрдем көлігінің орналасқан жерін онлайн көру қазіргі таңда 1-санаттағы шақырту бригадаларына қосылды. Алдағы уақытта 2,3 санаттағы шақырту бригадаларына қосу жоспарлануда.
«Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп смарт бейнежетондар, телемедицина, стационардағы бейнебақылау, «суық тізбек» цифрлық жобалары енгізілді.
Компьютерлік томография арқылы инсульт белгілерін ерте анықтауға арналған заманауи CEREBRA AI жүйесі бүгінде №2 қалалық ауруханаға енгізілді. Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға және диагностикалық шешімдерді жедел әрі сапалы қабылдауға мүмкіндік беретін PACS ЖҮЙЕСІ қазіргі уақытта 21 медициналық ұйымға енгізіліп, жұмыс істеуде.
Сонымен қатар, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды антиретровирустық терапиямен қамту көрсеткіші 93 пайызды құрады. «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында дәрілік рецепттердің 81,7 пайызы орындалды.
Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасын табады. Бұл өз кезегінде халық денсаулығын жақсартуға және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына оң ықпалын тигізеді.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша саланың өзекті мәселелері талқыланып, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған міндеттер айқындалды.
