Президент тапсырмаларының орындалу барысын бақылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір экономикасының жаңа өсу бағыттарын дамыту және автожолдар сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмалары Шымкент қаласында жүзеге асырылуда. 

Screenshot_20.png

Арнайы іссапармен келген Премьер-министр Олжас Бектенов мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуымен және аталған бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Үкімет басшысы «Жұлдыз» индустриялық аймағына барды. Мұнда Wan Sheng Ceramic керамограниттен жасалған бұйымдар шығаратын зауыттың бас директоры Лю Вэньцин жұмыстарын баяндады. Оның айтуынша биыл кәсіпорын жылына 12-13 млн шаршы метр өнім өндіретін толық жобалық қуатқа шыққан. Мұнда 350 адам тұрақты жұмыс істейді. Аралас ұйымдарды есепке алғанда 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Жасалған бұйымдарға пайдаланылатын шикізаттың 95 пайызы Қазақстан аумағындағы кен орындарынан алынады. Компания ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, өнімдерінің 40 пайызын ТМД елдеріне экспорттайды. Өндірісті одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.

Премьер-министр «Тассай» индустриялық аймағында «Asia Trafo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыстарын аралап көрді. Серіктестіктің басқарма төрағасы Дәуірбек Атеев зауыттың технологиялық процесі және шығарылатын жабдық түрлері, соның ішінде күштік трансформаторлары, автотрансформаторлар және басқа да өнімдер туралы баяндады. Мұнда үшөлшемді жобалау, математикалық модельдеу және цифрлық басқару технологиялары енгізілген. Жылдық жобалық қуаты –12 мың МВА, бұл көлем Қазақстанның 500 кВт-қа дейінгі кернеу класындағы қосалқы стансалық жабдықтардың негізгі түрлеріне деген қажеттілігінің 90 пайызына дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, трансформаторлар ірі энергетикалық нысандарға, соның ішінде жаңа жылу электр орталықтары мен электр стансаларын салу үшін жеткізіледі. Кәсіпорын 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Еліміздің үшінші мегаполисінде жалпы 354 жоба жүзеге асып жатқан 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді, олардың аумағы 90 пайызға толған. Шымкент қаласы әкімдігі таратқан статистикалық деректерге сүйенсек, былтыр жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) көлемі 5,9 трлн теңгеге жеткен. ЖӨӨ соңғы бес жылда 2,2 есе өскен. Ал, биыл 9 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың 9 айындағы көлеммен салыстырғанда 12,9 пайызға артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,4 пайызға артып, 580 млрд теңгеге дейін өсті. Кәсіпкерлікті қолдау шараларымен 10,5 млрд теңгені құрайтын 1480 жоба қамтылды. Әлеуметтік маңызды бағыттарға, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға, азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз етуге 439,5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Үкімет басшысы индустриялық аймақтарды аралап көру жұмыстарының қорытындысы бойынша өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, сыртқы істер министрліктеріне және Шымкент әкімдігіне зауыттардың ағымдағы қуатын кеңейту үшін қажетті қолдау шараларын қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, индустриялық аймақтар аумағының толық жүктелуін қамтамасыз етуді жеделдетуді міндеттеді. 

Олжас Бектенов Бәйдібек би даңғылы мен Мұстафа Шоқай, Қуаныш Төлеметов көшелерінің қиылысындағы көлік айрығы құрылысының барысымен де танысты. Жалпы құны 8,5 млрд теңгені құрайтын жобада ұзындығы 550 метрге жуық эстакадасы, ұзындығы 180 метрден асатын жол өтпесі және үш жерасты жаяу жүргіншілер өткелі бар төрт жолақты жол айрығын салу көзделген. Бүгінде мұнда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Көпірдің үсті пайдалануға берілді, көліктер тоқтаусыз қатынауда. Ал қалған жұмыстар жоспар бойынша осы жылдың соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар, Премьер-министр мегаполис тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарымен де танысты.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімовтің айтуынша, қала жолдарының жалпы ұзындығы 3,8 мың шақырымды құрайды. Ол соңғы үш жылда 1,8 мың шақырым жолға асфальт төселгенін, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жеткенін баяндады. Қалаға күн сайын 140 мыңға дейін автокөлік кіреді, оның шамамен 80 мыңы транзит арқылы өтеді. Көлік жүктемесінің артуына байланысты биыл П.Момынов және К.Тіленшин көшелеріндегі жол өткелдері арқылы көлік қозғалысы ашылды. 

Шаһар инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі – Тіленшин көшесіндегі теміржол үстіне салынған жаңа аспа көпірдің пайдалануға берілуі мұндағы көлік кептелісін біржола шешті. Жаңа өткелдің іске қосылуы қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетуге, теміржол мен автомобиль жолдарының қиылысындағы қауіпсіздікті арттыруға және тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Нысан арқылы автокөліктердің қозғалысы басталып, жүргізушілер үшін жаңа бағыт қолжетімді болды. Жобаның маңызы теміржол учаскесіндегі пойыз қозғалысының қарқындылығымен тікелей байланысты. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы таратқан мәліметке сүйенсе, осы аумақ арқылы тәулігіне орта есеппен 59 пойыз өтеді. Бұған дейін пойыздардың өтуіне байланысты теміржол өткелі белгілі бір уақыт аралығында жабылып, автокөліктердің жиналуына және көлік кептелісінің пайда болуына себеп болатын. Теміржол өткелінің жабылуы кей жағдайда 10-20 минутқа дейін созылған. Бұл жүргізушілердің жол жүру уақытын ұзартып қана қоймай, жақын маңдағы көшелердегі көлік ағынына да әсер ететін. 

Мемлекет басшысының Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асқан Тіленшин көшесіндегі көпірмен қоса Момынов көшесінде де автокөлік өткелін салу жобасының құрылысы қолға алынған еді. Аталған нысан биыл жыл басында – қаңтар айында ашылған болатын. Момынов көшесіндегі төрт жолақты өткелдің құрылысы толық аяқталып, нысан ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл оқиға қала тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл аймақтың инфрақұрылымдық дамуы тұрғысынан да маңызды белес болып табылады. Өйткені Момынов көшесі – Шымкенттің жүк тасымалы мен жолаушы қозғалысы шоғырланған негізгі тамырларының бірі. Бұл бағытта бұрыннан бері тығырық мәселесі өткір тұрып келді: тар жол, ескірген асфальт, жеткіліксіз жарықтандыру және жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымның болмауы тұрғындар арасында ашу-наразылық тудыратын. Соңғы бірнеше жылда жол-көлік оқиғаларының саны бұл аймақта өсіп, азаматтардың арыз-шағымдары да жиіледі. Мұны ескерген қала әкімдігі жолды реконструкциялауды басым бағыт ретінде белгілеп, жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауды тапсырды.

Момынов көшесі қаланың оңтүстік-батыс аудандарын орталықпен жалғастыратын стратегиялық магистраль болып табылады. Осы бағыттағы жол жүктемесінің жеңілдеуі іргелес көшелердегі тығырықты да азайтады. Сонымен қатар, аймақтың жалпы инвестициялық тартымдылығына оң ықпал ету мүмкіндігі жоғары: жақсы дамыған инфрақұрылым – бизнес үшін де, тұрғын үй саласы үшін де тартымды фактор.

Жоба бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен геодезиялық зерттеу жүргізіліп, жолдың техникалық жай-күйі бағаланды. Содан кейін ескі жол полотносы толығымен сөгіліп, негіз жаңартылды. Автомобиль жолына заманауи технологиямен жасалған асфальт-бетон жабындысы төселді. Бұл жабын ауыр жүк көліктерінің тұрақты қысымына да, қатаң қыс пен ыстық жаз жағдайларына да төзімді болып есептеледі. Жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар да жаңадан жайғастырылып, заманауи бордюрлермен шектелді. Бүкіл көше бойына қуатты жарықтандыру жүйесі орнатылды: LED технологиясына негізделген шамдар энергияны үнемдей отырып, жолды жарқын жарықтандырады.

Үкімет басшысы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын, оның ішінде мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

– Мемлекет басшысы халықаралық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын жақсартуды тапсырды. Бүгінде жол құрылысы стандарттары мен олардың жай-күйін бағалау жүйесін қайта қарайтын арнайы Үкіметтік жұмыс тобы құрылды. Бұл саладағы тәртіпті ретке келтіріп, өңірлік және ауданаралық жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайына себеп болатын факторларды жою қажет. Жергілікті жерлерде әкімдіктер жаппай бақылау мен цифрландыру арқылы бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Қаланың өсуін ескерсек, Шымкент үшін де жолдарды сапа мен қауіпсіздіктің жаңа заманауи технологияларын қолдана отырып салу маңызды, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр сонымен қатар Шымкент әуежайын реконструкциялау жұмыстарының барысымен де танысты. Аталған жоба аясында жалпы құны 46,1 млрд теңге болатын екінші ұшу-қону жолағы мен бұру-қозғалу жолдарын салу көзделген. Жоспар бойынша жұмыстар 2027 жылы аяқталуы тиіс.