Вакцинамен басқарылатын жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық егумен қамту


Вакцинация - халықты жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуынан қорғаудың ең тиімді құралдарының бірі. Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде халыққа 20 инфекциялық ауруға қарсы профилактикалық егулер, оның ішінде В вирустық гепатиті, туберкулез, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, гемофильді инфекция, пневмококкты инфекция, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит сияқты 11 жұқпалы ауруға қарсы Ұлттық күнтізбеге сәйкес жоспарлы профилактикалық егулер және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша құтыру, іш сүзегі, көктемгі-жазғы кене энцефалиті, оба, коронавирустық инфекция, «А» вирустық гепатиті, тұмау, сібір жарасы, туляремия сияқты 9 жұқпалы ауруға қарсы профилактикалық егулер жүргізіледі.

Республикада Дүние жүзілік Денсаулық сақтау ұйымының талаптарына жауап беретін кеңейтілген иммундау бағдарламасын енгізу вакцинамен басқарылатын инфекциялар аурушаңдығын едәуір төмендетуге ықпал етеді. Елімізде полиомиелиттің алдын алу жөніндегі ұлттық бағдарламаны іске асыру Қазақстан Республикасына полиомиелиттен азат елдердің қатарына кіруге мүмкіндік берді. Қызылшаны жою бағдарламасын орындау осы инфекциямен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға және қызылша жағдайларын тіркеуді жекелеген жағдайларға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Иммунопрофилактикада медицина қызметкерлерінің негізгі міндеті - әр баланың уақтылы және толық вакцинациялануы. Осы мақсаттар үшін республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражатынан Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша балалар мен ересектерге иммундауды тегін жүргізу үшін жыл сайын жеткілікті қаржы бөлінеді.

Иммунопрофилактиканың заманауи дамуының арқасында бүгінде көптеген вакциналар бар, олардың арасында моновакциналар да, инъекция санын азайтатын аралас вакциналар да бар, бұл бір дозада екіден төртке дейін вакцинаны біріктіруге мүмкіндік береді. Дені сау жаңа туған нәресте перзентханада, В вирустық гепатитіне қарсы алғашқы 12 сағатта және өмірдің 1-4 күнінде туберкулезге қарсы екпе алуы керек. 1 жасқа дейінгі балалар көкжөтелге, сіреспеге, дифтерияға, полиомиелитке, гемофильді инфекцияға, В вирустық гепатитіне, пневмококк инфекциясына қарсы вакцинацияланады. 1 жасында баланы қызылшаға, қызамыққа, паротитке және пневмококк инфекциясына қарсы егу керек. Негізгі вакцинациялардың бастапқы вакцинация кешені осымен аяқталады. 18 айлық жасында көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, полиомиелитке, гемофильді инфекцияға қарсы ревакцинация жүргізіледі.

Болашақта тұрақты иммунитетті сақтау үшін бала 6 жасында белгілі бір уақыт аралығында көкжөтел, дифтерия, сіреспе (АбКДС) және қызылшаға, қызамыққа, паротитке (ҚҚП) қарсы ревакцинация алады. Болашақта 16 жастағы жасөспірімдер мен ересектер әр 10 жыл сайын тұрғылықты жері бойынша немесе жұмыс, оқу орны бойынша емханаларда АДС-М вакцинасымен дифтерия мен сіреспеге қарсы егіледі. Халықты уақтылы иммундау және жоғары қамту, 95% - ға дейін, вакцинамен басқарылатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға ықпал ететін халық арасында иммундық қабат құруға мүмкіндік береді. Әрине, бірде-бір вакцина аурудан жүз пайыз қорғауға кепілдік бермейді, бірақ эпидемияның алдын алу үшін халықтың көпшілігін вакцинациялау жеткілікті. Балаларға вакцинациядан бас тартқандар тек өздеріне ғана емес, басқа балаларға да жұқтыру қаупін тудырады.

Профилактикалық егу немесе вакцинация балалар үшін де, ересектер үшін де өте маңызды. Тек осы шара емдеуге өте қиын берілетін аурулардың алдын-алудың тиімді құралы болып табылады. Сақтанайық, сақ болайық!!!

Г.Онласынова,

Абай ауданы СЭББ бас маманы