Туберкулез ауруының алдын алу шаралары
Туберкулез - ауру адамнан сау адамға жұғатын жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы-туберкулез микобактериялары. Инфекцияның негізгі көзі туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқас болып табылады, ол жөтелгенде немесе түшкіргенде қақырық және басқада бөлінділер арқылы туберкулез таяқшаларын сыртқы ортаға бөледі.
Туберкулез инфекциясының негізгі жұғу жолы – ауа арқылы.
Туберкулезбен ауыратын науқас гигиеналық ережелерді сақтамаса, қақырықты тікелей еденге немесе жерге түкіреді. Туберкулездің микобактериялары шаңмен (бөлмелерді тазалау кезінде (құрғақ сыпыру), ауамен араласып, тыныс алу жолдары (мұрын, кеңірдек, трахея, бронхтар) арқылы адамның өкпесіне тікелей түседі. Осылайша ауруды жұқтыру орын алады.
Туберкулез ауруының негізгі клиникалық белгілері:
- дене қызуының (37,5 С) көтерілуі,
- жөтел (құрғақ немесе жеңіл бөлінетін қақырық),
- әлсіздік,
- тершендік (әсіресе түнде);
- тәбетінің болмауы;
- дене салмағының төмендеуі;
- кеуде қуысының ауруы.
Туберкулез ауруының алдын алудың басты шарттары:
- Әр адамның өз денсаулығына немқұрайды қарамауы;
- Денсулығына шағымдары болған жағдайда дер кезінде дәрігерге қаралуы;
- Жылына 1 рет флюорографиялық тексеруден өтуі;
- Толыққанды, сапалы тамақтануы;
- Ауру адаммен қарым-қатынаста болған жағдайда, алдыңғы флюорографиялық тексеруден өткеніне 6 ай немесе оданда көп уақыт өтсе, қайта тексерілуі керек;
- Бөлмелерді жиі желдендіру;
- Балалар арасында туберкулез ауруының ерте кезінде анықтау үшін 14 жасқа дейінгі балаларға Манту сынамасы қою;
- Жаңа туған нәрестелерге БЦЖ вакцинациясы нәрестенің туылғаннан кейінгі алғашқы төрт күн ішінде егу кабинетінде жүргізу.
Б.Ергеш
Еңбекші ауданының СЭББ басшысының орынбасары
