Шымкенттің әлеуеті шетелдіктерге таныстырылды
Шымкент қаласында IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (Қазақстанның жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелі) өтті.

Форумға халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін және жаңа инвестициялық жобаларды талқылау үшін 40-тан астам елден 500-ден аса инвестор мен бизнес өкілі қатысты.
«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы пленарлық сессияны ашқан Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес дамып келе жатқан еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндады. Ал, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполистің экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетін таныстырып, одан әрі даму мен инвестиция тартудың әлеуетіне тоқталды.
Шаһар басшысының сөзімен айтсақ, соңғы бес жылда Шымкенттің жалпы өңірлік өнімдерінің көлемі қаржылай есеппен алғанда 13 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есеге артып, 7 млрд долларды құрайды. Қазіргі таңда қалада 133 мың шағын және орта бизнес субъектісі, сондай-ақ, шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған 2 мыңға жуық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Бүгінге дейін шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 20 жоба жүзеге асырылған. Қазіргі уақытта тағы 7,5 млрд доллар көлеміндегі 21 жоба іске асырылуда. Қалада жұмыс істейтін ірі халықаралық компаниялардың қатарында CNPC, Coca-Cola, Polpharma, Alarko Holding, YDA Group, Fabe Agro және Wang-Sheng Ceramics бар.
Сонымен қатар, жаңа инвесторлар жұмылдыру мақсатында қолданыстағы төрт өнеркәсіптік алаңды кеңейтіп, металлургиялық өнеркәсіптік аймақ құру жоспарланып отыр. Арнайы экономикалық аймақтың кеңеюін ескергенде, жаңа өндірістерді орналастыруға арналған алаңдардың жалпы көлемі 1700 гектардан асады.
Қала әкімі Шымкент халықаралық әуежайының жаңа терминалы көлік-логистикалық әлеуетті дамытуда маңызды рөл атқаратынын да атап өтті. Әуежай жылына 12 млн жолаушыға қызмет көрсете алады. Болашақта екінші ұшу-қону жолағының салынуы жүк және транзиттік тасымалдар мүмкіндігін кеңейтеді. Соңғы екі жылда халықаралық әуе бағыттарының саны 10-нан 22-ге дейін көбейіп, жүк тасымалының көлемі 176 пайызға артқан.
Кезекті Қазақстанның жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелінде жалпы сомасы 4,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 22 құжатқа қол қойылды. Форумның маңызды нәтижелерінің бірі – Шымкент қаласының әкімдігі мен KÖKSAN және Dentafill Kazakhstan компаниялары арасында жалпы сомасы 82,8 млн АҚШ долларын құрайтын инвестиция тарту жөніндегі меморандумдардың түзілуі.
KÖKSAN жобасы ПЭТ қаптамалары мен преформалар өндіретін зауыт салуды көздейді. Ал Dentafill Kazakhstan компаниясы дәрілік препараттар мен фармацевтикалық өнімдер өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Екі жоба да отандық өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, форум аясында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков халықаралық компаниялар және Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Пәкістанның FlyCom LLC, AeroNext Global және Forza Roma Group компанияларының, Израильдің Go Carmel Ltd., Норвегияның Jotun және Непалдың CG Group компанияларының өкілдерімен өткен кездесулерде әлеуетті инвестициялық жобалар, жаңа өндіріс орындарын ашу және қала инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
Атап айтқанда, пәкістандық серіктестермен агроөнеркәсіп кешенін дамыту және сауда байланыстарын нығайту, Go Carmel Ltd. компаниясының қатысуымен күн энергетикасы нысандарын салу, Jotun компаниясымен бірлесіп сырлы-бояу материалдарын өндіруді ұйымдастыру мәселелері қаралды. CG Group басшылығымен өткен кездесуде Шымкентте азық-түлік өндіруді ұйымдастыру және кейіннен Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарына шығу мүмкіндіктері талқыланды. ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Өзханмен кездесуде коммуналдық саладағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Шетелдік серіктестерге Шымкентте жаңа кәсіпорындар орналастырудың, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, сондай-ақ, көлік-логистикалық инфрақұрылымның артықшылықтары таныстырылды. Қала әкімі шетелдік компанияларға инвестициялық жобаларды пысықтау мен іске асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар алдағы ынтымақтастық байланыс бағыттарын айқындады.
Пленарлық отырыс басталар алдында Олжас Бектенов шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан өңдеу өнеркәсібін, АӨК, энергетика және басқа да салалардағы бірқатар жобамен танысты. Солардың қатарында Шымкент қаласында орналасқан Alsera жылыжай кешені мен QazAlPack зауытының құрылысына ерекше назар аударылды.
«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы пленарлық отырысты ашқан Премьер-министр іскерлік қоғамдастық өкілдеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қалыптастырылып, белсенді дамып келе жатқан кең ауқымды инвестициялық мүмкіндіктер туралы мәлімет берді.
– Біз халықаралық іскерлік қоғамдастықпен, оның ішінде бүгінгі Дөңгелек үстел аясында тікелей диалог орнатуға ерекше мән береміз. Былтыр еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсіп, 300 млрд доллардан асты. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл да бұл көрсеткіш 300 млрд доллардан асады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға жарты трлн долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылса, тек соңғы 5 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 100 млрд доллардан асты. Біз үшін озық технологияларды енгізу, жаңа өндірістерді құру және шикізатты терең өңдеу арқылы экономиканы сапалы жаңғырту – аса маңызды міндет. Дәл осы стратегиялық басымдықтар 2030 жылға дейінгі жаңартылған Инвестициялық саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан. Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық әрі тұрақты мемлекет болып қала береді, – деді Олжас Бектенов.
Пленарлық сессия барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, The Boeing Company президенті және бас атқарушы директоры Келли Ортберг, Ислам даму банкінің президенті, Ислам даму банкі тобының төрағасы Мухаммад Сулейман Аль-Джассер, Masdar бас атқарушы директоры Мохамед Джамиль Аль-Рамахи, Sarens Kazakhstan президенті Лудо Антон Саренс, Lasselsberger Group бас атқарушы директоры Йозеф Ласселсбергер сөз сөйледі.
Шымкентте KGIR-2026 алаңында жалпы сомасы $4,8 млрд болатын 22 құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімдігі мен «KOKSAN» ЖШС арасында $74,3 млн сомасына ПЭТ-преформалар өндіретін және пластикті қайта өңдейтін зауыт салу жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылды.
Шетелдік инвестицияларды жұмылдыру және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту Шымкент экономикасының дамуына қосымша серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Ал, KGIR – 2026 форумының Шымкентте өтуі халықаралық іскерлік байланыстарды нығайтуға, инвестиция тартуға және қала экономикасын одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді. Биылғы іс-шараның Шымкент қаласында өтуі Еуразияның негізгі сауда ағындары мен Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің тоғысында орналасқан мегаполистің қарқынды дамуын көрсетеді.
