Адам папиллома вирусы
Адам папиллома вирусы (АПВ) — бүкіл әлемде ең көп таралған инфекциялардың бірі. Статистикаға сүйенсек, жыныстық өмір сүретін адамдардың шамамен 80%-ы өмірінде бір рет болсын бұл вирусты жуқтырады. Алайда, ақпараттың жеткіліксіздігінен бұл тақырып төңірегінде алыпқашпа әңгімелер мен қорқыныштар өте көп.Адам папиллома вирусы — тері мен шырышты қабықтарды зақымдайтын вирустардың үлкен тобы (200-ден астам түрі бар). Олардың басты ерекшелігі — ұзақ уақыт бойы ағзада ешқандай белгі бермей, «жасырын» өмір сүре алуында.
Вирустың түрлері қауіптілік деңгейіне қарай екі топқа бөлінеді:
1. Төмен онкогенді түрлері (мысалы, АПВ 6, 11): Қатерлі ісік тудырмайды, бірақ денеде, жыныс мүшелерінде сүйелдердің (кондиломалардың) пайда болуына әкеледі.
2. Жоғары онкогенді түрлері (мысалы, АПВ 16, 18, 31, 33 және т.б.): Ағзада жылдар бойы сақталса, жасушалардың құрылымын өзгертіп, қатерлі ісікке (рак) әкелуі мүмкі
Маңызды факт: Жатыр мойны қатерлі ісігі жағдайларының 95%-дан астамы тікелей осы жоғары онкогенді АПВ түрлерінің ағзада ұзақ уақыт сақталуынан пайда болады.
Вирус қалай жұғады?
АПВ негізінен жыныстық жолмен (кез келген байланыс түрі арқылы) жұғады. Сонымен қатар, вирустың терінің зақымдалған жерлері (сырылулар, жарақаттар) арқылы және босану кезінде анадан балаға берілу қаупі де бар.
Мүшеқап (презерватив) жұғу қаупін азайтқанымен, одан 100% қорғай алмайды, себебі вирус мүшеқаппен жабылмаған көршілес тері аймақтарында да өмір сүре береді.
Симптомдары және диагностика
Көп жағдайда адамның иммундық жүйесі вирусты 1-2 жыл ішінде ағзадан өзі жойып жібереді (бұл элиминация деп аталады). Бұл уақытта адам өзінің ауру екенін мүлдем сезбеуі мүмкін.
Егер вирус ағзада қалып қойса, мынадай белгілер байқалады:
Телшіктер (сүйелдер), папилломалар мен кондиломалардың шығуы;
Әйелдерде — жатыр мойнының эрозиясы немесе дисплазиясы (мұны тек дәрігер тексереді).
Диагностика әдістері:
ПТР (ПЦР) тесті: Ағзада АПВ-ның бар-жоғын және оның қай түрі екенін анықтайтын ең нақты әдіс.
Пап-тест (цитологиялық жағынды): Әйелдерге жатыр мойнындағы жасушалардың өзгеріске ұшыраған-ұшырамағанын білу үшін тұрақты түрде (жылына 1 рет) тапсыру ұсынылады.
АПВ-дан қалай қорғану керек?
Қазіргі таңда АПВ-ны ағзадан толық жоятын арнайы дәрі-дәрмек (вирусқа қарсы тиімділігі дәлелденген ем) жоқ. Сондықтан ең басты қару — алдын алу.
Вакцинация: Бұл - АПВ тудыратын қатерлі ісіктің алдын алудың әлемде дәлелденген ең тиімді жолы. Вакцинаны жыныстық өмірді бастамай тұрып (әдетте 9-14 жас аралығында) алған тиімді. Ол ең қауіпті онкогенді түрлерінен сенімді қорғаныс қалыптастырады.
Тұрақты скрининг: Әйелдердің гинекологқа уақытылы қаралып, Пап-тест тапсырып тұруы ауруды ерте сатыда анықтап, емдеуге мүмкіндік береді.
Салауатты өмір салты: Мықты иммунитет вирусты белсендірмей, ағзаның оны жеңіп шығуына көмектеседі. Шылым шегу АПВ-ның қатерлі ісікке айналу қаупін бірнеше есе арттыратынын ұмытпаған жөн.
Адам папиллома вирусы — үкім емес. Бұл — заманауи медицина деңгейінде бақылауға және алдын алуға болатын инфекция. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарау, уақытылы тексерілу және вакцинация шаралары болашақтағы ауыр дерттерден сақтаудың басты кепілі.
М.Баяни,
Абай ауданының
СЭББ бас маманы
